Құрманғазы дәріханаларында дәрі бағасы қанша?

(0 Votes)

Ауырмайтын адам кемде-кем. «Батпандап кіріп, мысқылдап шығатын» дерті жанына батқандар алдымен дәрігерді, сосын дәріні іздейді. Себебі, дәрігер дәріханаға жібереді. Ал, ондағы баға халықтың қалтасын қақпай ма? Ең қажеттілері қолжетімді ме? Осыны ескерген Үкіметіміз әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлікпен қатар азаматтарымыздың денсаулығы үшін аса қажет 32 түрлі дәрі-дәрмектердің де шектік бағасын бекіткен болатын. Ол қалай сақталып отыр?

«AMANAT» партиясы жанындағы бағаларды бақылау тобы осыны білмек ниетпен аудан орталығындағы дәріханаларда болып, шектік баға қойылған дәрі-дәрмектердің сатылуымен танысты. Сөз басында айта кетейік біз барған үш дәріханада баға әртүрлі, біраз  айырмашылықтар бар. Біреуінде арзан  дәрі  екіншісінде қымбаттау, есесіне басқасы төмендеу дегендей.

Алдымен «Бекназар» дәріханасында болдық. Мұнда шектік баға қойылатын дәрі-дәрмектерден «Ацикловир» - 360, «Ренни» -1440, «Белсендірілген көмір» -75, «Парацетамол» -72, «Аспирин»  - 64, «Иодомарин» -2599, «Омез» -1900, «Канефрон» -3780, мақта-300, тазартылған дәке -90, медициналық бетперде -20 теңгемен тұр. Қалған дәрілер жоқ.

0248be68-4884-4ead-970c-7ab6c01f4a57

Дәріхана иесі, жеке кәсіпкер Анар Сүгірәлиева шектік бағаны көріп: «Біз бұдан төмен сатып отырмыз», деді. Кейбір дәрілерді көрсетілген бағадан көтермеу, одан асырса қайда хабарласу керектігі  кассаның үстінде жазылып қойылған.

«Серпер» базарының жанындағы жеке кәсіпкер Рая Жұмабаеваның дәріханасында «Ацикловир» -200, «Карвалол» -250, «Ингавирин» -5900, «Детримакс»-3800, «Ренни»-1390, «Смекта» -1800, «Верошпирон» -2800, «Энап» -850, «Фенистил нью капли» -2000, этил спирті -300, «Парацетамол» -70, «Аспирин» -100, «Иодомарин» -2500, «Омез» -1800, «Канефрон» -4200, «Бронхикум» шәрбаты -1890, «Супрастин» -1900, мақта -250, медициналық бетперде -20, тазартылған дәке -120 теңгемен сатылуда. Сөредегі дәрілердің сыртына бағалары жазылған.

Дәріхана иесі жеке кәсіпкер Рая Жұмабаеваны әңгімеге тартқанымызда: – Фармацевт қызметімен 1997 жылдан бері айналысып келемін. Ауданда дәріхана ашқаныма биыл 25 жыл толыпты. Әртүрлі дәрі-дәрмектер әкелеміз. Тауар айналысымыз жақсы болғандықтан бағасын көп көтермейміз. Мысалы, «Ингавирин» деген дәрі тұмауға, вирусқа қарсы иммунитет көтеруге, қабынуға қолданылады. Халық көп алады. Оның шектік бағасы -6600 теңге. Біз оны тұрғындарға 5700 теңгемен сатып отырмыз. Жақында бір жігіт «Атырау қаласынан 6600 теңгемен алдым, сізде неге арзан?», деп таң қалып жатыр. Қазір аллергия көбейіп кетті. Оған қажетті «Фенистил нью капли» атты дәріні де шектік бағадан төмен сатудамыз.

db63582b-8cdd-4a72-a5d9-f04cb781d98e

– Шектік бағадан түсіріп саудалағанда жұмсаған қаржыны ақтай ма?

– Бүгінде бәрі қымбаттап отыр. Қымбат дәріні алуға екінің бірінің жағдайы тарта бермейді. Зейнетақыға қарап отырған үлкендеріміз, жәрдемақыны місе тұтқан көп балалы аналарымыз бар. Дәріні адам ауырғанда ғана пайдаланады. «Дерті жанына батса алмай қайда барады?», деп, шіреніп, халықтың денсаулығынан пайда тапқанды жөн көрмедім. Үстіне қосып қымбатсыта бергенше көптеп әкеліп пайда көрейін деп ойладым. Көбіне дәрі сататын көтерме сауда орындарынан емес, «Іңкәр» фармацевтикалық фирмасынан аламын. 5 айға 6 миллион теңгенің тауарына тапсырыс беріп тастаймын. Өздері жеткізіп береді. Көп етіп алған соң олар аздап бағасын түсіреді. Мен де өз тарапымнан сөйтемін. Ақтөбеден «Аманат», «Имти Интернешнал» фирмалары да әкеледі. Олар Атырауға жеткізеді, бермен қарай көлікпен өзіміз тасимыз. «Іңкәр» фармацевтикалық фирмасы тұрақты тұтынушысы ретінде санаторийге жолдама беріпті. Оған фармацевтім Айгерімді жіберемін. Өзім шетелде талай болдым ғой. Мақсатым халықтың алғысын алу. Қандай дәрі сатсам да ем болсын деп беремін және іштей соны тілеп тұрамын.

Жеке кәсіпкер Қымбат Меңдешованың «Олжа» дәріханасында да баға шектік деңгейден төмен, жоғарыда аталған әріптестерімен қарар. «Ингавирин» -5300, «Ацикловир» – 270, «Азитромецин» -3500, «Но-шпа» -3700, белсендірілген көмір -50, «Эссенциале форте» -3700, «Смекта» -2200, «Верошпирон» -3000, «Энап» -950, «Фенистил нью капли» -2000, этил спирті  -260, «Парацетамол» -70, «Аспирин» -60, «Иодомарин» -1500, «Канефрон» -4800, «Ксимелин» -1000, мақта -300, медициналық бетперде -20, тазартылған дәке -90 теңгемен қойылған.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT