«AMANAT» партиясы жанындағы бағаларды бақылау тобы аудан орталығындағы дәріханалар мен дүкендерде болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасымен танысты.
Бағаны аз дегенде аптасына екі рет қадағалап отыру бұл топтың жұмыс жоспарына кіреді. Сондықтан, «Шұбырып, қайта-қайта келе бересіңдер. Өткенде қараған жоқсыңдар ма?» деген реніш орынсыз. Сол сияқты, «Сіздер қарағаннан не өзгеріп жатыр? Баға өсуін неге тоқтатпайсыздар?», дегенді де естиміз. Топ қаралды деген белгі салу үшін құр босқа жүрген жоқ. Кәсіпкерді тексеруге мораторий жарияланғанымен шектік бағадан аспауы тиіс азық-түліктер мен дәрі-дәрмектер бар. Олар міндетті түрде бақылауда ұсталады. Көрсетілген шектік бағадан асса, бағаларды бақылау тобы тиісті шарасын алу үшін құзырлы орындарға шығады.
Аудан орталығындағы «Мерей» сауда орталығында 25 келілік І сұрыпты ұн - 5350 теңгемен тұр. Шекпелі рожкидің 5 келілігі - 1950, қораптағы қарақұмық - 700, күріш - 535, картоп -180, сәбіз - 200, пияз - 220, қырыққабат -150, қант -700, өсімдік майы -3550, құс еті -1500, қораптағы сүт -350,460, майлылығы 2,5% айран - 470,650, жұмыртқа 42, тұз -70,85 теңгемен сатылуда. Самаркин ауылындағы «Ахат» дүкенінде 25 келілік І сұрыпты ұн -7700, шекпелі рожки -2100, қораптағы қарақұмық -700, бес келілік күріш -2450, картоп-190, сәбіз-200, қырыққабат -180, бес литрлік өсімдік майы -3420, құс еті -1550, қораптағы сүт-370, майлылығы 2,5% айран-450, сары май -1600, жұмыртқа-40, тұз-100 теңгемен қойылған.
«Серпер» базарында орналасқан жеке кәсіпкер М.Дүйсекенованың дәріханасында «Ингавирин» -5000, белсендірілген көмір -80, «Эссенциале форте» -4035, «Фенистил нью капли»-210, «Парацетамол» -70, «Аспирин» -215, «Иодомарин» -2400, «Омез» -1980, «Канефрон» -5860, «Бронхикум» -1900, тазартылған марлі -200 теңгемен тұтынушыларға ұсынылуда. Жеке кәсіпкер Жанар Төлепованың «ДДД» дәріханасында «Ингавирин» -5000, «Ренни» -1200, «Эссенциале форте» -4045, «Смекта» -2400, «Энап» -950, «Парацетамол» -70, «Иод» -300, «Аспирин» -160, «Иодомарин» -1900, «Омез» -1650, «Канефрон» -5850, «Супрастин» - 1800, мақта -150 теңгеден.
Енді жоғарыда аталған дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті шектік бағамен салыстырып талдау жасап қарайық. Әрине, біз бұл жерде орташа баға дегенмен алып отырған жоқпыз. Сауда орындары онымен сатпайды. Сондықтан баға қалай көрсетілсе, солай есептедік. 25 келілік І сұрыпты ұн шектік бағадан -86, шекпелі рожки -30, күріш -45, сарымай -1794 теңгеге төмен болса, қантқа -365, құс етіне -484, 534, сәбізге -33, қырыққабатқа -30, картопқа -5, он жұмыртқаға -63 теңге қосылыпты. Ал, тамыздың 4-і күнгі бағамен салыстырсақ, ұн -8, рожки -40, қарақұмық -50, күріш -35, қырыққабат -30,50, құс еті -250, он жұмыртқа – 70, тұз-10 теңгеге қымбаттағанын көреміз. Егін пісетін уақыт болған соң ба, картоп -10,20, сәбіз -30 теңгеге арзандаған.
Біз барған екі дәріханада дәрі-дәрмектің құны шектік бағадан аспайды. Салыстырмалы түрде алсақ, «Ингавирин» -1602, «Ренни» -291, «Смекта» -81, «Энал» -50, «Парацетамол» - 4, «Аспирин» -55, «Иодомарин» -699, «Омез» 303, «Канефрон» - 14, «Супрастин» -164, «Бронхикум» шәрбаты -59 теңгеге шектік бағадан төмен ұсталып отыр. «Эссенциале форте» дәрісі ғана шектік бағадан 1545-1555 теңгеге қымбаттаған. Тізімдегі шектік құны көрсетілген дәрілердің біразы жоқ.
Бағаның өсуіне сыртқы және ішкі факторлар әсер ететіні айқын. Кейбір тауарлар сырттан әкелінеді, енді бірі өзімізде өндірілгенімен елімізді толық қамти алмай жатады. Кәсіпкерлер тауарды алатын көтерме сауда орындарында баға көтерілсе, бізде де өзгеріс болады. Тасымал құны тағы бар. Халықтың да әлеуметтік-экономикалық жағдайына келсек, қазір «ішкені алдында, ішпегені артында» болып шалқып отырған жоқ. Шектік баға белгілегенде «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» ескеріледі деген ойдамыз. «Өле жегенше, бөле же», дегендей, аралау барысында кәсіпкерлеріміз жағдайға түсіністікпен қарап, шектік бағадан төмен ұстамаса, асырып сатып отырмағанын көрдік.
Қанат ҒҰМАРОВ