Бүгін аудан әкімі Қайрат Нұртаев жаңадан аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалған Нұрлыбек Қалиевті аудан активіне таныстырды.
Нұрлыбек Ғаділханұлы 1982 жылдың 23 тамызында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1999-2003 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «кеден ісі» мамандығы бойынша, 2005-2008 жылдары Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында «Экономика» мамандығы бойынша білім алған. Алғаш еңбек жолын 2005 жылдың наурыз айында Еңбекші селолық округі әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастаған. 2005 жылдың шілде айынан 2013 жылдың ақпан айына дейін Құрманғазы ауданы бойынша салық комитетінде жетекші маман, бас маман, талдау және өндіру, есептеу бөлімінің бастығы болып еңбек еткен. 2013 жылдың 8 ақпанынан күні бүгінге дейін аудан әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарып келді.
Аудан басшысы Қайрат Талапұлы тағайындау туралы өкімімен таныстырып, мемлекеттік қызметте тәржірибесі мол Нұрлыбек Ғаділханұлының жаңа қызметті де абыройлы атқаратынына сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Маған артқан сенімдеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мен өз кезегімде қызметіме адалдық танытып, ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін барлық күш-жігерімді жұмсауға тырысамын – деді Нұрлыбек Қалиев өз сөзінде.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, аудандық мәслихат депутаты Рифхат Сұлтанияев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев жаңадан тағайындалып жатқан аудан әкімі орынбасарының алдағы атқарар қызметіне табыс тіледі. Соңында аудан басшысы Қайрат Нұртаев лауазым иесін орнына жайғастырып, бірнеше міндеттерді жүктеді.
А.Шакупова