Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы селекторлық режимде өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен мәжілісте «Облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының материалдық, шығармашылық ахуалы және сынның пәрменділігі туралы» мәселе бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов хабарлама жасады. Газетке жазылу көрсеткіші бойынша аудандық газеттер ішінде, Құрманғазы аудандық «Серпер» газеті 1-ші орынында тұрғанын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова:
- «Газет пен журнал - елдің айнасы» десек, халықтың сауаттылығы, ұлттың ертеңгі өркениеттілігі жалпы ақпарат беттерінде көрініс табатынын естен шығармаған жөн. Сондықтан, бүгін айтылған мәселелер, кеңесте қаралған ұсынымдар мен қарарлар, облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлына, тиісті органдарға жеткізіледі, - деді.
Бұдан кейін аймақтың ақпараттық кеңістігінде «Атырау-Ақпарат» ЖШС-і жетекші рөл атқаратынын тілге тиек етіп, келесі сөз кезегін серіктестік директоры Ысқақ Егембердиевке ұсынды.
- Ақпараттық технология қарыштап дамыған сайын сайттар мен әлеуметтік желілердің, басқа да интернет ресурстардың тез сұранысқа ие болып, заман талабына орай жылдам хабар алатын ақпарат көзіне айналғаны баршамызға аян. Жалпы, адамзаттық-қоғамдық игілікті біз де оңтайлы пайдаланып, бүгінде, серіктестік ішінен жаңа медиа деген бөлім ашып, 11 сайт пен әлеуметтік желідегі аккаунттарды, пабликтерді жүйелі ұйымдастырып отырмыз. Дегенмен, бұл серіктестіктің негізгі қызметі болып табылатын дәстүрлі медианың, яғни облыстық және аудандық басылымдардың дамуына ешқандай көлеңкесін түсірмеуі керек. Дәстүрлі медиа әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Оқырмандарымыз газетте жарық көрген материалдарға орай үн қосып, сын-ескертпе, ұсыныс-тілектерін білдіріп, белсенділік танытып отырады. Өкінішке қарай, «осымен газеттің күні бітті» деп баспасөздің болашағына үкім кесіп, санаттан сызып тастайтындар көбейді. Рас, дәстүрлі медианың дамуында қиындықтар мен кедергілер жоқ емес. Әсіресе, редакциялардың негізгі табыс көзі саналатын таралым мәселесі жыл өткен сайын өзектілігін арттыруда. Әрине, мұны өтпелі кезеңнің уақытша қиындығы деп қабылдаған жөн. Интернет желісі өте жақсы дамыған, ақпараттық технологияның көш басында тұрған алпауыт елдерде миллиондаған газет-журналдардың таралуы және оқылуы – осының айғағы – деді.
Сонымен қатар, облыстық және аудандық газет таралымының жылдан-жылға төмендеуі, балама жазылудың жай-жапсары, пилоттық жоба ретінде екі ауданда қолға алынғаны туралы егжей-тегжейлі баяндап, журналистерді қолдау, өңірдегі шығармашылық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Қайыржанқызы аймақтағы шетел азаматтарына серіктестіктің қандай контент дайындауға мүмкіншілігі бар екендігіне, кадрларды бәсекеге қабілетті ету бағытында қандай шаралар жасалып жатқанына қызығушылық білдірді. Хабарламашы қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға да тұшымды жауабын қайтарды. Қоғамдық кеңес барысында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Алтын Садықова мерзімдік баспасөзге жазылу және тарату жұмыстары туралы баяндаса, «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау филиалы ATYRAU телерадиокомпаниясы директоры Қанат Әуесбай телеарнаның бүгінгі шығармашылық әлеуеті мен жаңа маусымдағы жобалар туралы қаперге берді. Соңында қоғамдық кеңес жұмысын қорытындылаған Бақытгүл Қайыржанқызы:
- Әкімдіктердің БАҚ-пен жұмысын жандандыру, тиімділігін арттыру қажет. Мәселен, бір нысан құрылысының көптеген процедуралары бар. Оларды тек сол саланың маманы ғана түсінеді. Біздің міндетіміз кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарды халыққа түсінікті етіп жеткізу. Оларды жүргізетін жергілікті әкімдіктер, басқармалар, бөлімдер. Ал ақпаратты сапалы дайындап, халыққа жеткізіп тарататын – журналистер. Жұртшылықтың көкейіндегі біраз түйткілді мәселелерді мерзімінде қозғап, көтеру – БАҚ-тың қызметі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа Жолдауында ұлт сапасын арттыру жөнінде келелі мәселелерді қозғады. БАҚ-тағы материалдар, көшелерде орнатылған көрнекті ақпараттар - тәрбие құралы идеология болып табылады. Осыған орай, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдері бүгін көтерілген мәселелерге айрықша мән беріп, ұсынылатын материалдарға, әлеуметтік жарнамалардың мазмұнының тереңдігіне, уақытылы жаңартылуына назар аударулары қажет, - дей келе, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
А.Шакупова