Өркені өскен шаруашылық

(0 Votes)

«Құрманғазы» ӨК ұйымдастырған Құрманғазы кеңшарының құрылғанына 60 жыл толу шарасының «Шежірелі өлке – өркениетті ауыл» атты ресми бөлігі  Дыңғызыл ауылдық мәдениет үйінде жалғасты.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрманғазы» ӨК төрағасы Сабыржан Сұлтанов баяндама жасап, кеңшардың тарихын, алғашқы басшылары мен онда еңбек еткен адамдар, жеткен жетістіктер  жайлы хабардар етіп:

– 2005 жылы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің №515 бұйрығымен «Құрманғазы» атындағы өндірістік кооперативіне «Асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін тұқым-мал зауыты» атағы берілді. Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі тұқым-мал зауыты Еділбай қойының бір түрін өсірумен шектеліп қалған жоқ. Ақ жүнді, құйрықты қойларды шығару жұмысы басталып, коопертивімізде ол Еділбай типтес қой тобына жүргізілді. Осының арқасында аққарабас қой тұқымы пайда болды. Көп жылдар бойы бір мақсатта жүргізілген селекциялық асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде шөл дала мен шөлейт аймақтарға төзімді, оған аса жоғары бейімделген құйрықты қойлардың өзіндік бағытының бір түрі шығарылды. Қазақстан Республикасы АШМ министрлігі  2015 жылы «Құрманғазы» ӨК-нің құрманғазылық Еділбай қойының жергілікті жағдайға жақсы бейімделген,  өнімі жағынан етті, қара және қызыл  жүнді жаңа екі желісін тіркеді. Кооперативіміз қоймен қатар түйе малына да селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізіп, 2004 жылы қазақтың айыр өркешті түйесінің тұқымын өсіретін шаруашылық атағы берілді. Біздің шаруашылықтың шопаны Серік Тәженов 5 жыл қатарынан 100 аналықтан 115-тен қозы алып, соның нәтижесінде 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2014, 2015 жылдары Әбіл Бегейсінов, Байболат Досмұханов жыл қорытындысымен облыстың озат шопанына берілетін, Стахан Дәулетқалиев атындағы 100 мың теңгелік сыйлықты иеленді. 2014 жылы аға түйеші Берік Салауов  100 аналық інгеннен 52 бота алуды қамтамасыз етіп, «Облыстың озат түйешісі» атағын алды. Сонымен қоса, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін кооператив төрағасы Сабыржан Қыдырсихұлы «Құрмет» орденімен ұлығыланды. Шаруашылық жылына 350 центнер ет, 50 центнер шұбат, 77 центнер қой және 15 центнер түйе жүнін өндіріп, сатады. 2022 жылы көктемде әр 100 аналық қойдан -92 қозы, 100 түйеден -52 бота, 100 биеден-95 құлын алуды қамтамасыз етті. Жыл сайын 240-260 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 10-12 млн. таза табыспен қорытындылап келеміз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев агрокешенді дамытудың маңызды екенін атап көрсетті. «Құрманғазы» ӨК ұжымы алға қарай да мал басын өсіріп, шаруашылықты жан-жақты дамытатына сенімді, - дей келе, «Құрманғазы» кеңшарының құрылғанына 60 жыл толуына орай шығарылған төсбелгімен кезінде осында жұмыс жасаған академик Өмірзақ Қажымғалиев, мемлекеттік қызметтің ардагері Рысқали Сисатов, Ақпарат саласының үздігі, журналист-жазушы Өтепберген Әлімгереевті  марапаттап, иықтарына шапан жапты.

r

Сондай-ақ, төсбелгімен еңбек ардагерлері Каримолла Серікбаев, Уәсила Серікбаева, Әділбек Хабибуллин, Ғаділбек Ғалиденов, Теміртас Елеусінов, Амангелді Аязов, Серікқали Хасанов, Күнсұлу Амирова, Ислам Бақтыгереев, Исламғали Ғилажев, Меңжан Меңдешов, Гүлайна Қибашева, Нариман Хайрошев, Борис Шеркешбаев, кеңшар директорларының ұрпақтары Мақсот Сүйінов, Нұрлан Көргенәлиев, Дана Биляшева, Арон Жанесов, мал дәрігері Сәбит Аманғалиев, аға түйеші Берік Салауов  ұлығыланды.

Ынтымағы жарасқан ауыл 

Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев құттықтап, нарық қиыншылықтарына мойымай қажырлы еңбек етіп келе жатырған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі әрқашан зор құрметке лайық екенін жеткізді. «Құрманғазы» ӨК-нің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, профессор  Сабыржан Сұлтановқа аудан әкімінің Құттықтау хатын, еңбек ардагерлері Фазила Қабдолова, Марат Айтбаев, Өмірзақ Әлімгереев, Теңізбай Атамбеков, Оразғали Ахмеденов және тағы 12 адамға мерейтойлық төсбелгіні табыс етті. Аудандық мәслихаттың депутаты Сандуғаш Қапуова депутаттар корпусы атынан ізгі тілегін жеткізіп, 19  ардагерді мерекелік төсбелігімен ұлығалады.

rkeni-sken-sharuashyly2

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев кеңшардың талай қиындықтардан аман өтіп, 60 жылдығына жеткені ерен еңбектің үлгісі екенін айтып:

– Сіздер отырған жердің тарихының да ерекшелігі бар. Қызылобаның құбыла жағында Биляш әкімнің ставкасы болған. Патша үкіметі Биляшті түрмеге жапқанда «Оның заңды бұрмалауға ешқандай қатысы жоқ, түрмеден босатыңдар», деп бүкіл старшындар мен үлкендер жиналып, 54 адам қол қойып Астрахань губернаторына хат жолдаған. Ол құжат Астрахан мұрағатында бар. Міне, бұл ел болып басшысын сыйлаудың, татулықтың басқа жерлерде кездесе бермейтін көрінісі. Мұнда Дина да келген. Осындай тату халықтан құрылған кәсіпорынның кем болуға жағдайы жоқ, - деп тебірене сөйлеп, Социалистік Еңбек ері Сұлтан Мұхамбетқалиев, кеңшарды басқарған Харес Биляшев, Сайфеден Әнесов және басқаларын қатысушылардың есіне салып, кооператив төрағасының иығына шапан жауып, кітабын сыйға тартты.

Атыраудан арнайы келген мемлекеттік қызметтің ардагері, «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Махамбет  және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Рысқали Сисатов:

– 1962 жылы Қазақстан Республикасы бойынша ет бағытында 87 ұжымшар, 224 кеңшар құрылды. Сол кезде құрылған осы шаруашылық күні бүгінге дейін іргесі құламай, елдің игілігі үшін жұмыс жасап отыр. Мұның себебі халықтың бірлігінде, ынтымақтығында. Оған дәлел осында 9 жыл жұмыс жасаған кезімде «мынау сенің, анау менің жұмысым» деп ешкім бөлінбей атқара беретіні таңғалдыратын. Науқан кезінде басшыдан бастап бәрі жұмыла кірісетін. Осындай бірліктің арқасында Құрманғазы кеңшары Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардан оп-оңай өтіп кетті.1 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты шыққан мұндай кооператив облыс көлемінде жоқ, - деп тағылымды шара үшін ризашылығын білдірді.

rkeni-sken-sharuashyly2_jpg3

Шара барысында кітапханашы Гүлжан Бақтыгереева Қазақстанның Құрметті журналисі Өтепберген Әлімгереевтің «Құрманғазы атындағы совхоз. 60 жыл» атты жаңа кітабын таныстырды. Қатысып отырған автор өз кезегінде  кітапты 27 жыл жазған адам болғанын мысалға келтіріп, бұл көп еңбекті талап ететін нәрсе екенін жеткізіп, алайда осы туындысын  2 айда дайындап үлгергенін әңгімеледі. Жаңа кітаптың лентасын Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Өмірзақ Қажымғалиев, Рысқали Сисатов қиды.

Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Әзімов мерейтойлық шараны қорытындылап, кооператив төрағасы Сабыржан Қыдырсихұлына Алғыс хат, аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев, аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах, еңбек ардагерлері Ғаділхан Қалиев, Қанат Ғаббасов, Мұқар Шаяхметов және бір топ адамға «Құрманғазы кеңшарына 60 жыл» төсбелгісін табыс етті. Шара барысында аудан өнерпаздары әндер мен билер, күйлер орындап, көрермен көңілінен шықты. Соңы мерекелік дастархан мен кешкі гала концертке ұласты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521