Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев аудандық соттың төрағасы Ерболат Аманғалиевті басқа ауданға жұмысқа ауысуына байланысты қабылдап, құрмет көрсетті.
Қазіргі орын алып отырған індетке байланысты шараға аудан әкімінің орынбасарлары, бір топ округ әкімдері, аудан әкімі аппараты бөлімдерінің, құқық қорғау мен қадағалау орындарының басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Құттықтау сөзінде аудан әкімі Қайрат Талапұлы аудандық сот төрағасы Е. Аманғалиевтің 1996-2000 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университетін тәмәмдағанына, 2000-2015 жылдары әділет басқармасында бас маман, Құрманғазы, Индер аудандық соттарында төраға лауазымдарын атқарғанына тоқталып өтіп: – 2015 жылдан күні бүгінге дейін Құрманғазы аудандық сотының төрағасы лауазымында ел құрметіне бөленді. Адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі болған сот жүйесінің беделі биік мәртебеге ие. Еліміздің батыс қақпасы іспеттес Құрманғазы ауданында өзіңізге жүктелген жауапты қызметте абыроймен еңбек етіп, қоғамдағы орын алған қылмыстарға әділ баға беріп, азаматтарымыздың Конституциялық құқықтарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді адал атқарғаныңыз үшін аудан халқы атынан зор алғысымды білдіремін. Болашақта да заң мәртебесінің үстемдігін әрқашан асқақтату жолында нәтижелі жұмыс жасап, биік белестерден көрінетініңізге сенімім зор. Сізді қызмет барысында қарапайым да, қайырымды келбетпен көрінген, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін білікті басшы, әрі білімді заңгер ретінде құрмет тұтамыз, - деп індет кезінде ел игілігі үшін ынтымақтаса жұмыс жасағанына тоқталып, алдағы қызметінде сәттілік тілеп, алғыс хатын табыс етті.
Осындай игі тілектер аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев, аудан прокурорының орынбасары Аянбек Сүйінәлиев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Тұрғали Жұмашев, Орлы, Құрманғазы, Көптоғай ауылдық округтерінің әкімдері Асқар Мұфтах, Абдуррахман Муса, Қайрат Бөлеков, аудандық соттың судьясы Гүлсім Тасқынбаева тарапынан да айтылды.
Көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірген аудандық соттың төрағасы Ерболат Қалешұлы ең алғаш судьялық қызметті осы жерде бастағанда қызметтес болған адамдарды жылы лебізбен еске алып, қатысып отырған азаматтардың кейбірімен де жақсы жұмыс жасағанына тоқталды. Қазір сот жүйесінде жасалып жатқан өзгерістердің бәрі азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын нығайта түсу мақсатында атқарылып отырғанын атап өтіп, басты мақсат халықты тыңдап, көңілінен шығу екенін жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ