Өрісі кең өнерлі отбасы

(11 Votes)

Бір отбасының өнерпаз мүшелерінің шығармашылық ұжым құрып, сахнаға шығулары елімізде өткен ғасырдың сексенінші жылдары жақсы үрдіс алды.

Қазақтың мәдени-рухани өміріне мол үлесін қосқан Құдайбергенов, Дәрібаев, Сәндібаевтардың отбасылық ансамбльдері ішіндегі ең танымалдылары еді. Оларға еліктегендер әр ауыл-ауылдарда көбейді. Біздің ауданда да орлылық өнерпаз жанұя Қапизовтердің дәурені дүркіреп тұрды. Олардың сахна төріне шығып, қазақтың ән мен күйін самғатқандарын аға буын әлі ұмыта қоймаған шығар. Неге екенін кім білсін, кейінгі жылдарда осы бір әдемі үрдіс үзіліп қалғандай көрінеді.

Ежелден ән-күйдің алтын бесігі атанған киелі  топырақ тамаша таланттарын тудырмай тұрмайды. Соңғы төрт-бес жыл бедерінде Елемесовтер отбасылық ансамблі аудан сахнасында жарқырай көрінді. Әсіресе, өнерлі жанұядағы Жанби мен Айбибінің танымалдылығы ерекше арта түсті. Ән әлемінің кішкентай қарлығыштары сахнаға әр шыққан сайын көрермендер оларға қошеметін ерекше көрсетіп бағады. Ансамбльге жетекшілік ететін отағасы Жандарбек Елемесұлы Рахметов ұзақ жыл ішкі істер органында абыройлы қызмет атқарды, полиция майоры шенінде құрметті зейнеткерлікке шықты. Ал, отанасы Кәмшат Меңдіғазиева аудандық оқушылар үйінде психолог болып жұмыс жасайды, білікті маман, қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Өткен «Нұр Отанның» партияішілік праймеризде бағын сынады. Бүгінде жанұяда 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.

Аудандық мәдени іс-шаралардың бел ортасынан табылатын өнерлі жанұялық ұжым 2017 жылы Атырау қаласында облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған «Отбасы – өмір аясы» облыстық отбасылық ансамбльдер фестиваліне қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Ал, Жанби мен Айбибі балалар ән байқауларына тыңғылықты дайындықпен үзбей қатысады. 2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы қорының ұйымдастырған ұлттық «Бала дауысы» байқауының аудандық кезеңінде  ағалы-қарындасты Елемесовтер І орынды жеңіп алып, лауреат атанды.

Айбибі ағасымен жұптасып ән салумен қатар жекедара да ән шырқайды. Ол аудандық «Әнші балапан» байқауының екінші орын иегері.  Би жанрында бағын сынап жүр, балабақшада жүргенінде аудандық «Айгөлек»  байқауына қатысты. Соңғы кезде танымал «Наз» би тобының құрамында өнер көрсетіп, облыстық «Жадыра, жас дарын!» фестивалінде, республикалық «Дала сазы» байқауында топ жарды. Екеуі де вокалдан, биден, актерлік шеберліктен дәріс алып, өнерлерін шыңдап отырады.  Ауданның мәдени-көпшілік шараларға белсене араласып, өз өнерлерін көрсетеді. Пандемиялық шектеулер кезінде де ата-анасымен бірлесіп көрермендеріне көтеріңкі көңіл сыйлап, әлеуметтік желіде онлайн концерт берді. Өнер әлемінде өзіндік із қалыптастырып келе жатқан шын таланттардың шығар биігі алда деп білеміз. Қанаттары талмай, өрлей берсін деген тілектеміз.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521