«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры Қазақстандағы қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында отандық БАҚ өкілдері арасында жыл сайын «Еркін сөз» байқауын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Биыл оған 170-тен астам материалдар түскен.
Жыл сайын оған қатысушылар саны да артуда. Жақында осы байқаудың қорытындысы шықты. Алматыда өткен марапаттау рәсіміне республикалық және жергілікті БАҚ басшылары, елімізге танымал журналистер мен халықаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Әрине, қандай байқаудың да жеңімпаздары болатыны анық. Еліміздің әр өңірінен жиналған «сен тұр, мен атайын», деген дүлдүлдер арасында, сайдың тасындай іріктелген жүлдегерлердің қатарында газетіміздің жас тілшісі Әділет Қанатұлының болғаны редакциямыз үшін үлкен қуаныш, зор мерей. Жақсы журналист атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Жоғары оқу орынын бітіріп келсе де теория жүзінде алған білімін өмірдегі қызметімен ұштастыра алмай, қарымы қайтып, тауы шағылып, қаламы мұқалып жататындар бар. Ол үшін жазуға бейімділік керек. Әділеттің бойынан біз соны байқаймыз. Ұядан ұшқан жас қыранның қанаты қалықтаған сайын қатаятыны сияқты, әріптесіміз де күн өткен сайын жазуға төселе түсуде. Осы бағытынан таймаса ертең-ақ топ жарған көрнекті қаламгерлер қатарынан ойып тұрып орын алары анық.
Қазір өзіндік жазу стилі, мәнері қалыптасып үлгерді. Аз уақытта ауданымызға танылды. Оқырмандарымыздың жүрегіне жол тапты, олардың арасында оның жазғандарын сүйсіне оқып, жоғары баға беретіндер қатары артып келеді. Енді, міне, журналистер арасында өткен «Еркін сөз» байқауында Жолдасбек Дуанабай атындағы арнайы сыйлық пен 100 000 теңге көлеміндегі сыйақыны қанжығалады. Қанатың талмасын, шарықтай бер әріптес! Біз сенің болашағыңа үлкен үмітпен қараймыз Әділет Қанатұлы!
Қанат Ғұмаров