13-18 мамыр аралығында Ақтөбе қаласында 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында кикбоксингтен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген спортшылар қатысып, бақтарын сынады.
Солардың арасында Атырау облысының намысын қорғаған құрманғазылықтар жақсы ойын көрсетті. Құрманғазы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің және Зейнолла Серікқали атындағы мектеп-интернаттың оқушылары Азамат Хайратов пен Жанерке Бақтығали қола жүлдеге қол жеткізді. Екеуі де спорт шеберіне үміткер атанды.
Ауданымызда спорттың кикбоксинг түрі бұрын болған жоқ. Соған қарамастан, ашылғанына бар-жоғы екі жыл толса да республикалық турнирден осындай көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Спорт шеберіне үміткер атағы көрінгенге берілмейді. Болашағынан үміт күттірер спортшы ғана оған лайық деп танылады. Демек, екі спортшымыздың техникасы мен шеберлігі әділқазылар назарынан тыс қалмаған. Бұл кикбоксингті ауданымызға әкеліп, оған жас спортшыларды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы Аслан Мукашевтің төккен терінің, тынымсыз еңбегінің жемісі. Жас спортшыларымыздың жеңісті жолы жалғасын таба берсін!
Айнагүл Шакупова