Ауданымызға ҚР Президенті әкімшілігінің жанынан құрылған жұмыс тобы келіп, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, бұл бағытта ұсыныстарды зерделеу мен жинау мәселелерін талқылады.
Алдымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев іссапармен келген лауазым өкілдеріне қош келдіңін айтып, күй өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды. Республикалық топ құрамында «Нұр Отан» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау кеңесінің мүшесі Мәнсия Исказина, ҚР СІМ жасөспірімдер және отбасы істері комитеті бөлімінің басшысы Азамат Белкаиров, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Анар Каюпова бар.
Сөз кезегін алған Мәнсия Исказина: - Бала құқығын қорғау – егемен еліміздің басты құндылықтарының бірі. Өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарын пайдалана біліп, қатыгездіксіз өмірлерінің сақталуы жолында аянбай еңбек ету – біздің басты парызымыз. Еліміздің жетекші партиясы көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғауды одан әрі жандандыруды қолға алып жатқанынан сіздер жақсы хабардарсыздар. Осы бағытта «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асуда.Онда отбасының қаржылық жағдайын жақсарту, балалар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыру, рухани тәрбие беру, жұмыспен қамту және қосымша білім беруді қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау және алдын алуға тиісті учаскелік инспекторларды, дәрігерлер мен мектеп психологтарын ведомствоаралық үйлестіру бойынша 70-тен астам шара қабылданған. Біздің мақсатымыз осы қанатқақты жобаның республика өңірлерінде қалай жүзеге асып жатқанынан хабардар болу, кей тұстарына әдістемелік көмек ұсыну. Облыс бойынша кәмелетке толмағандардың арасында жүктіліктің көрсеткіші өте жоғары, статистикалық мәлімет 183-ті көрсетіп отыр. Жасөспірімдердің суицидке баруы аздап бәсеңсіген, дейтұрғанмен жүйелі жұмыстарды әлі де жалғастыру қажет. Біз бағдарламаға орай мекемелерді аралап, тиісті ұсыныстар мен ескертпелерді хаттамамызға енгіземіз. Барлық өңірлерді аралап болғаннан кейін, қараша айының басында Президент әкімшілігіне тексерістің қорытындысын хатпен жолдаймыз, - дей келе, жұмыс тобының басшысы еліміздің жарқын болашағы үшін бұл істің маңызы зор екенін айтып, барлық мүдделі тараптарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Бұдан кейін ол АПБ ЮПТ КТІЖ аға инспекторы Жарас Бектеміров, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Абдуррахман Муса, білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаевадан жағдайы төмен отбасылардың әлеуметтік мәселелері, ата-аналарды жұмыспен қамту, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, ерте жүктілік, балаларға рухани тәрбие берудің мән-жайын сұрады.
Жұмыс тобының мүшелері аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев және басқа да жауапты органдар басшыларының жол нұсқауымен аралауды аудандық орталық аурухананың күндізгі стационарынан бастады. Оңалту бөлімшесінде болып, ондағы материалдық-техникалық базамен танысты.
Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім лауазымды өкілдерді ауыл тұрғыны, көпбалалы, жалғызбасты ана Тілекші Сағызованың үйіне алып барды. Одан әрі, олар зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы, аудандық оқушылар үйі, туристер бекеті, балалар мен жасөспірімдер даярлық клубы, дене шынықтыру және спорт кешені, Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектебі, З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернатының жағдайына қанығып, психолог, әлеуметтік педагогтармен жеке әңгімелесулер өткізіп, тиісті ұсыныстарын берді. Тексеріс барысында республикалық топ мүшелері өздерінің мақсат-міндеттеріне орай, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді.
А.Шакупова