Рекордтар кітабына енген жерлесіміз

(0 Votes)

 «Ел іші – өнер кеніші» деп текке айтылмаған ғой. Алтын қолды шеберлер мен ісмерлер қалың бұқара арасынан табылады. Ауданымызда да жоқ емес. Астана қаласында «Хас шебер» отандық өнімдерді дамыту қауымдастығының ұйымдастыруымен қолөнершілердің үлкен фестивалі өткен болатын. Оған Қазақстанның әр өңірінен 300 қөлөнер шебері қатысты. Фестивальға ауданымыздың үкілі үмітіне айналып қатысқан аудандық оқушылар үйінің әдіскері Ардақ Қаржауованың есімі Қазақстанның  рекордтар кітабына еніп отыр. Бұл – ауданымызда бұған дейін  болмаған жағдай. Осыған орай Ардақ Жасенқызын сөзге тартып, Астана сапары, фестивальдің өту барысы жайлы әңгімелестік.

– Жалпы қолөнермен қашаннан бір айналысып келесіз? Жасаған бұйымдарыңызға сұраныс бар ма?

– Мектеп бітіргеннен бастап десем де болады. 1991 жылы мектепте еңбектен сабақ бергенде болашағымды осы өнермен байланыстырып шындап ден қойдым. 4 жыл бұрын жанұялық кәсібіме айналдырып, қосымша табыс көзі ретінде пайдаланып келемін. Бұйымдарымызға сұраныс бар. Отбасымда 10 сынып оқитын ұлым мен 7 және 8 сыныптағы қыздарым – көмекшілерім. Құрақ көрпе, киімдер, перделер тігеміз. Шашбау, алқа, моншақтар жасаймыз.

– Енді әңгіме өзегін Астанаға сапарыңызға бұрсақ.

– Жақсы барып қайттық. Атырау облысынан 22 адам қатыстық. Оның ішінде 3 оқушы, 3 жанкүйер бар. Қасыма аудандық оқушылар үйінен және Әбу Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектептен бір оқушыдан ілесті. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысқан іс-шарада еліміздің түрлі өңірлерінен келген 300 шебер бас қосты. Олардың жасаған бұйымдары арнайы жәрмеңкеде көпшіліктің назарына ұсынылды. Келушілер зергерлік бұйымдарды, ерекше безендірілген ыдыс-аяқтарды, декор элементтерін және отандық азық-түлік өнімдерін тамашалап жатты. Біз де өз бұйымдарымызды астаналықтарға паш еттік. Қасымдағы оқушылармен алқа, білезік, шашбау, мен тігін бұйымдарын, құрақ көрпелер, төсеніштер және басқаларын апардым. Аталған фестиваль – қолөнер шеберлерінің көптен күткен еңбегінің нәтижесі, күні-түні төккен терінің жемісі. Мұндай фестиваль биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Мақсаты – креативті индустрияны дамыту, отандық өнімді қолдау, болашақта қолөнер бұйымдарын, шеберлік сабақтарын, шығармашылықтың насихаттау, қолөнершілердің басын қосу. Осы фестивальдің аясында шеберлердің қолынан шыққан жасыл түсті ту – Қазақстанның рекордтар кітабы КИНЭС-ке енгізілді. Оны жасауға мен де қатыстым.

– Осы ту жөнінде айтып өтсеңіз?

– Астана қаласының Жастар сарайында өткен «Хас шебер» фестивалінің алаңында Қазақстан қолөнершілерінің таңбасы енгізілген ені – 6, ұзындығы – 15 метр бірегей туды әзірлеуі – ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәрсе. Мұндай жасыл түсті үлкен ту алғаш рет жасалып отыр. Оны дайындауға жүздеген адам қатыстық. Ту «Бірлік, Береке, Мейірімділік» деп аталады. Бұл – табиғатқа, болашаққа талпынуды білдіреді. Шараның басты шарты бойынша әрқайсысымыз арнайы эмблемалар ойлап тауып, оны қолмен жасадық. Мұнда мені қосқанда 240-тан аса қолөнершілердің таңбалары көрініс тапты. Өзіміздің оқушылар үйінің «Инстаграм» парақшасындағы эмблемасын жасап енгіздім. Әр құрақшы өздерінің таңбасын туға құрақ арқылы салып қойды. Сөйтіп, біздің таңбамыз сол туда қалатын болды. Фестиваль соңында біздің жасаған туымыз желбіреді. Қазақстанның ең мықтылары енетін КИНЭС рекордтар кітабына есімім жазылғаны мен үшін үлкен қуаныш сыйлады. Маған «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтің сертификаты табыс етіліп, оқушылар Алғыс хаттармен ұлығыланды.

– Алға қарай да көлөнершілікті дамыта түсетін шығарсыз?

– Әрине. Қолдан келгенше бұл бағытта жұмыстана беремін. Ұлттық қолөнерімізді насихаттау, кейінгі жас ұрпаққа үйрету –  менің басты мақсаттарымның бірі. Фестиваль маған соны серпін сыйлады. «Хас шебер» отандық өнімдерді дамыту қауымдастығының жоспарында алға қарай Өзбекстанның Ташкент қаласында қолөнершілердің қатысуымен үлкен шара өткізу бар екен. Оған мен де шақырылдым. Бұйырса, өзіміздің қолөнер бұйымдарын апарамыз. Бізді Астана қаласына бастап апарған облыстағы басшылар фестивальден жақсы әсер алып, Атырау облысында да қолөнершілер қауымдастығын құру қажет деп отыр. Бұл да жақсы жаңалық. Қатарымыз толыға түседі, ұлттық қолөнерге қызығушылар саны артады деген ойдамын.

 – Әңгімеңізге рахмет! Алда да биіктерден көріне беріңіз!

Сұхбаттасқан Айнагүл Шакупова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT