28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова ардагер журналистерді қабылдап құрмет көрсетті.
– «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Нұрболат Елеусіновтің атынан сіздерді ортақ кәсіби мерекеміз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтаймын! «Серпер» газетінің ұжымы үшін әрқайсыңыздың орындарыңыз бөлек. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Газетіміздің таралымы артуында, мазмұны жақсарып, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленуінде еңбектеріңіз зор. Қандай қиындық көрсеңіздер де мамандыққа адалдық танытып, шығармашылық жолдан ауытқыған жоқсыздар. Әлі де қаламгерліктен қол үзбей келесіздер. Алға қарай да осылай ортамыздан табыла беріңіздер, – деп Айнагүл Күнұзаққызы редакция ардагерлеріне медиа холдинг басшысының сый-сияпаттарын және сыйақыларын табыстады.
Редакция ардагерлері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, «Серпер» газетінде отыз жылға жуық бас редактор қызметін атқарған, танымал ақын Таңатар Дәрелов, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, редакцияда бас редактордың орынбасары – жауапты хатшы болып жасаған Асқар Ғұмаров, журналист-ақын Мадат Сәрсекеев жылы қабылдауға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ