1937 жылы туылған Дәулет Дәулекенов ағамыз «Ленин жолы» газетінде 20 жылға жуық есепші болып жұмыс жасады.
«Күнінде болған жігіттің арғы атасын сұрама», дегендей заманында есеп-қисап жұмысына мұқияттылығымен, шебер жүргізумен қатар редакцияның ішкі шаруашылығын да ұршыққа иіріп, ұжым арасында қадірлі болды. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан ардагерімізді газетіміздің 95 жылдық мерейтойына орай редакциямыз облыс әкімі Серік Шапкеновтің Алғыс хатына ұсынған еді.
Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы Айбек Нәжімов ардагерді арнайы барып құттықтап:
– Биыл газетіміздің 95 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Салтанатты шараға бір кездері газетіміз бен баспаханада жұмыс жасаған барша ардагерлерімізді шақырып, түрлі марапаттар табыс еттік. Басылымның өткен жолында, жеткен жетістігінде өзіңіздей үлкендеріміздің де үлестері бар. Бәрін қолмен жасаған заманда еңбек етіп, газеттің қызығы мен шыжығы қатар жүретін жұмысын абыроймен атқардыңыздар. Денсаулығыңызға байланысты оған қатыса алмағандықтан бүгін сізді бас редакторымыз Айнагүл Шакупованың және редакциямыздың атынан құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хаты мен «Серпер» газетіне 95 жыл» мерекелік медалін, естелік сыйлығымызды табыс еткелі келдік. Ұрпақтарыңызды қызығына бөленіп, аман-есен отыра беріңіз, – деген ізгі тілегін жеткізді.
Ақсақал өз тарапынан ардагерлерін ұмытпай қастерлеп, құрмет тұтатын редакцияның бүгінгі ұжымына ризашылығын білдіріп, жемісті еңбек тіледі.
Қанат ҒҰМАРОВ

