Қасиетті Құрбан айт мейрамын тиісті дәрежеде өткізу жөнінде облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен мәжіліс өткізілді.
Онда карантин кезіндегі Құрбан айт мейрамын онлайн режимінде өткізу және жергілікті тұрғындардың сұраныстарын қанағаттандыру туралы сөз болды. Сондай-ақ, нарықтағы мал бағасын қымбатсытпау мәселесі, құрбандық малдарымен қамтамасыз етілуі, құрбан шалатын, мал сойылатын орындардың санитарлық нормаларға сай келуі, сойылған еттерді мұқтаж жандардың үйіне жеткізілуі нақтыланды.
Түрлі деңгейдегі жергілікті әкімдіктерге, денсаулық сақтау басқармасына, мемлекеттік санитарлық дәрігерлерге, ветеринарлық қызметке Құрбан айт шарасына қатысатын барлық адамдардың карантин және гигиеналық талаптарды сақтауы, әлеуметтік қашықтықты қадағалау, антисептиктермен, арнайы киімдермен қамтамасыз ету тапсырылды. Күніне кемінде екі рет мал союға белгіленген орындарға дезинфекциялық жұмыстар жүргізу, медициналық жедел жәрдем көмегімен қамтамасыз ету міндеттелді. Полиция департаменті қызметкерлеріне қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, төтенше жағдайлар департаментіне өрт сөндіру техникаларымен қамтамасыз ету тапсырылды.
А.НӘЖІМОВ