Құрбан айтты ұйымдастыру талқыланды

(0 Votes)

Құрбан айтқа байланысты өткізілген Атырау облысы әкімінің селекторлық жиынын облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ашып: – Оны өткізу жөнінде облыста 18 адамнан тұратын штаб құрылды.

Құрамында имамдар бар. Qurban20207.kz сайты туралы кеңірек ақпараттандырыңыздар. Себебі, карантин жағдайында айтты өткізу, онлайн тапсырыс беруге  халқымыз үйренбеген, көрмеген жаңа дүние. Ауылдан, қаладан құрбандықты өзім шаламын дейтіндер де табылады. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде сөйлескелі отырмыз. Бәріне бірдей тыйым салу қиын. Бүгін осыған орай облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шығады. Соған сай әрекет етеміз. Атырау қаласында 4 мал соятын орын белгіленді. Аудандарда да осындай орындарды белгілеп, хаттамаға тіркейсіздер. Халықты ақпараттандыру жұмысын 31 шілдеге дейін үзбей жүргізуіміз қажет. Сойылатын малдар 25-28 шілде аралығында толық ветеринариялық тексерістен өткізіледі. Бұл ауруды таратпау және ұрланған төрт түлікті өткізбеу мақсатымен жасалады. Малды сату 30 шілде күні сағат 18.00-де тоқтатылады. Ауылдық жерлерде әр үйде бір мал шалынуына ғана рұқсат, бірақ адамдар жиналуына тыйым салынады.

Кейбір имамдар алынған мал өтпей қалса, етті таратып үлгермесек не істейміз деп жатыр. Біздер хабарлама жіберуге, зекет қорының жұмысына араласпаймыз. Бұрын еттер үлестірілмей қалып, бұзылып кеткен жағдайлар болды. Сондықтан тоңазытқыштар қойып, аз қамтылған отбасыларының тізімін жасап, сойылған етті таратуға еріктілерді жұмылдырыңыздар. Бұл жұмыс бір жерден ұйымдастырылсын. Біреуге жетіп, екіншісіне тимей қалып жүрмесін. Осыған қоса мал сойылатын жерде «Жедел жәрдем» автокөлігі тұруы тиіс. Құрбан шалынатын жердің тазалығына, малдың сау болуына мал дәрігерлері жауапты. Аудандардан қалаға мал әкелуге 31 шілдеге дейін рұқсат етіледі. Малды қазір сатып алуға мүмкіндік жасаңыздар. Бекітілген жерден басқасында құрбандық шалуға тыйым салынады. Қазақ «Малым жанымның садағасы», дейді біз үшін адам өмірі қымбат. 4 шілде күні Құрбан айттың қалай ұйымдастырылғаны жөнінде аудан әкімдері тыңдалады, - деді. Одан әрі қатысып отырған Жылыой, Исатай, Индер аудандары әкімдері өз ұсыныстарын ортаға салды.

Облыс әкімдігінің селекторлық жиналысы аяқталғаннан кейін аудан әкімі Қайрат Талапұлы Qurban20207.kz сайты жұмысын ақпараттандыруды тапсырып өтіп : – Самаркин, Құрылысшылар ауылы, Бұзаусланда, яғни үш жерде мал сатуды ұйымдастырамыз. Малды сою жөнінде Құрманғазы СДО директоры Біржан Кенжебаевпен келісімшарт жасасу қажет. Сонда санитарлық талаптар сақталады. Сол жерде мешіт адамдары болады. Қажет дегендерге құран оқып, бауыздайды. Бәрі талапқа сай болғаны дұрыс. Бұл жөнінде округ әкімдеріне де тапсырма береміз. Мал тек үш күн 28,29,30 шілде күні сатылады. 31 шілде күні сойылған етті таратушыларға ғана жүруге рұқсат. Әр адам тарататын етті мешітке үйінен сойып әкеліп бергені тиімді. Мешіт имамы бір адамды кезекшілікке қойып, оның телефонын әлеуметтік желіде жариялағаны жөн. Тұрғындар тарапынан Құрбан айтқа қатысты сұрақтар туындауы мүмкін, - деп қатысып отырған лауазымды адамдарға тиісті тапсырмаларын берді. Аудан имамы Еламан Бегалиев ет таратуға еріктілерді ұйымдастырып жатқанынан хабардар етті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521