​​Құрбан айттан туған ой

(0 Votes)

Теңдесіз мерекесі мұсылманның,

Жібітер жүрек тоңын қысылғанның.

Ден қойдың қалың қазақ орындауға,

Жан Алла нығметіңді ұсынған мың.

Құрбан айт соның бірі, басы дағы,

Пейілдер күн нұрындай шашылады.

Азанда айт намазы оқылғанда,

Жиналды Алла үйіне жасы-кәрі.

Құлаққа бір жақсы үн ызыңдады,

Бәрі асық татқызуға тұзын-дәмін.

Бисмиллаһи-рахман-рахимнан соң,

Көлдеді мейірімнің қызыл қаны.

Сан -сан бас ірі қара аялмады,

Ақ пышақ сан жүз қойға таянғаны.

Қандастар іздеп жүріп үлестірді,

Жағдайы кем дегенге аялдады.

О, Алла, қандай ғажап кей ырымың,

Бір адам қатпас болар кейіп үнін.

Дүниенің бар асылы татымайды,

Осынша бізге берген мейірімің.

Жалғанда қараулықты ұмыттырып,

Тербейді жанымызды тыныш қылық.

Кемтар ма, көпбалалы отбасы ма,

Қайнайды қара қазан бүлк-бүлк.

Мұсылман бір-біріне шашып құтты,

Жүректер кемерінен асып бітті.

Жер бетін нұрландырар дін-ислам,

Асылым, аспан төрге атып шықты.

Осы ғой, қандасымның ерегі не?

Көз жеткізді Алланың шеберіне.

Тәуелсіздік толтырған төрт түлігі,

Мінеки, жарап жатыр керегіне.

Ойыма бірге оралды лағыл жыр кеп,

Бұйырған осы шығар сабыр-құрмет.

Тараттым қоңыр қойды үшке бөліп,

Аллеке, тілегімді қабыл қыл деп.

Жүректі ашып тұрар қысылғанға,

Көлгірсіз көңілінің құсын қамда.

Елімнен татулығы үркімесін,

Тәңірім, қазаққа бер - мұсылманға! ​​​

 

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521