Ізгілік пен мейірімділік мерекесі Құрбан айт та келіп жетті.
Мұсылмандар күнтізбесінде ерекше белгіленген бұл мейрам – Ибраһим (ғ.с) сүннеті. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с) үмметіне де құрбандық дәстүр болып жетті. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап, Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейін барлық пайғамбарлар діні ханиф, яғни бір Аллаға құлшылық діні болды.
Бұл күн оразадан 70 күн өткеннен соң келетін мейрам. Ислам дінін ұстанған әр мұсылман Құрбан айтты үш күн тойлайды, құрбандық шалады. Құрбан – араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы "шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау" дегенге келеді. Ал оны жасаудың түп мәні – Жаратушының жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауыр» деген. Пайғамбарымыздың ﷺ хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар керек: мұсылман болу, айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржысы болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Жалпы Құрбан байрамының намазы біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан. Бұл мерекенің басқалардан ерекшелігі - қуаныш-шаттықпен бірге Аллаға деген құлышылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі. Айта кетейік, биыл Құрбан айт шілде айының 20,21,22 күндері аталып өтеді.
Жайдарлым Қайреден