Аудандық «Темірәлі» мешітінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары, мешіт шәкірттері арасында құран және азан жарысы өтті.
12 бала азан, 19 шәкірт құран айтудан шын мықтыны анықтады. Бас имам Еламан Бегәлиев сайысқа қатысушы шәкірттерге Құран Кәрімді өз ережесіне сай оқи білудің сауабы жөнінде мағыналы уағыз айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ережелерімен таныстырды. Ең жас үміткер 7 жаста болса, үлкені 10 сынып оқушысы болды. Бас имам Еламан Бегәлиев пен наиб имамЕрлан Коббулов жарысқа қазылық етті. 13 бала 15 сүрені, 6 бала 17 сүрені жатқа оқудан өзара сайысты. 17 сүрені жатқа оқу Құран жарысынан Мейірхан Сигашов мүдірмей өтіп жеңімпаз атанса, Нұрхат Насыров, Алтынбек Елеусінов 2, 3 орындарды иемденді. 15 сүрені жатқа оқу Құран жарысынан Нұрсанат Бисенбай 1 орынды қанжығасына байласа, 2, 3 орындар Бекнұр Зинетулла, Нұрбол Нұрланұлына бұйырды. Азан жарысында Алтынбек Елеусінов үздік атанса, жүлделі 2, 3 орындардан Әли Владимир, Рамазан Жылтыхаев көрінді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар ұсынылды.
Айнагүл Күнұзаққызы