Рамазан – береке айы

(0 Votes)

Рамазан – дүниенің барша мұсылмандары жыл бойына асыға күтетін айлардың сұлтаны. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазанның басы – рахмет, ортасы– кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу» деген екен.

Осы игіліктен құр қалмау үшін отыз күн ауыз бекітіп, Жаратушының рахымынан үміт етіп, мүбәрәк айдың ризығына кенелетін кез де – осы ай. Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға толық негіз бар.

Рамазан – береке айы. Бұл айда мұсылман баласының ниеті мен амалы үйлесіп, жақсылыққа ұмтылады. Ізгі ғұламалардың бірі «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол айтпақшы, Рамазан – рухани азық жинайтын берекелі ай.

Таң намазы алдында сәресі ішуге тұрған адам уақыт пен ризық-несібенің берекесіне бөленеді. Пайғамбарымыз таңғы уақытта береке бар екенін өсиет еткен. Халық даналығында айтылатын «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген тағылымды тұжырым осыдан қалса керек. Демек, таң ризық - несібе мен берекеге бөленетін сәт. «Сәресін ішіңдер! Расында, сәресінде береке бар» деген хадистің мәні осында.

Рамазанда мұсылманның бір-біріне мейірімі оянып, бауырмалдығы артады. Қарны тоқ адам аш адамның жағдайын түсінбейді. Бай адам өзі ораза ұстаған кезде тамаққа жарымай, аш жүрген пенденің жағдайын терең сезінеді. Бауырының жағдайын жүрегімен түсінген адам оған мейірім таныта бастайды. Ораза – бай мен кедейдің арасын жақындата түсетін теңдессіз құлшылық.

Алла тағала ұстаған оразамызды, берген садақамызды, қасиетті айда жасаған әрбір қайырлы істеріміздің сауабын еселеп жазғай!

Түрлі дереккөздер бойынша
жинақтаған Айнагүл КҮНҰЗАҚҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT