– Асулан Нұрбұланұлы бүгінде Құрманғазы ауданы көлемінде қандай дерттер өршіп тұр? Осы жөнінде де ақпарат бере кетсеңіз. Биыл COVID-19 індетін жұқтырушылар тіркелді ме?
– Қазіргі күні республика көлемінде тұмау ауруы таралуда. Сақтық шараларын, оны жұқтырып алғанда, үй жағдайында қандай ем-дом жасау қажеттігін, асқына бастаса қай кезде, кімге хабарласу керектігін «Фейзбук», «Инстграмм» әлеуметтік желілерінде жариялап отырмыз. Бұл емханамызға келген науқастар мен тұрғындарға LED экран арқылы да көрсетілуде. Әрбір медбикелер мен дәрігерлер де халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тартылуда. Тұмаудан ең алдымен жүкті әйелдер мен балаларды сақтандыру, олардың арасында аурудың таралуының алдын-алу шараларын жүргізудеміз. Аудан көлемінде туберкулездің де өршуі бар. Аурушаңдық көрсеткіші бойынша 2022 жылы балалар арасында – 8, жасөспірімдерде – 3 жағдай тіркеліп, 2021 жылғымен салыстырғанда 24,6 пайыз болды. Сол сияқты жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу да қазіргі таңда жоғары көрсеткіште. Биыл ана мен бала өлімі болған жоқ. Былтыр ана өлімі болмағанымен, балалар арасында бес жағдай орын алды. Облыстық перинеталдық орталықта 3 бала туылып шетінесе, 2 сәби пневмониядан көз жұмған. 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 1602 ПТР сараптамасы тапсырылып, 298 адамнан оң нәтиже табылған. Оның 46-сы стационарлық ем қабылдап, 252-сі амбулаторлық бақылауда ұсталды. Коронавирустық жұқпамен ауырғандардың арасында өлім жағдайы тіркелмеді. Бізде қазіргі таңда коронавируспен тіркелгендер жоқ.
– Материалдық-техникалық базаларыңыздың жағдайы қалай? Қандай мәселелер бар?
– Қажетті құрал-жабдықтармен қазір 93 пайызға қамтылдық. Жаңа ауруханаға көштік. Мұнда соңғы технологиялар мен жаңа медициналық аппараттар жеткілікті. Ол жағынан бізде мәселе туындамайды. Шешілмей тұрғаны шалғай орналасқан елді мекендерден «Жедел жәрдем» көлігімен науқастарды тасымалдау. Басқа мәселелер облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен, аудан әкімдігімен бірлескен түрде біртіндеп шешімін тауып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Қанат ҒҰМАРОВ