Рахымжан Отарбаев атындағы «Теңіз» әдеби бөлімшесі ашылды

(1 Vote)

Ауданымызда Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының бөлімшесі құрылды.

Бөлімшенің ашылу шарасы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өтіп, бастапқы сөзді Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев алды. – Құрманғазы өлкесі – қазақ сөз өнерінің сүлейлері дүниеге келген қасиетті жер. Қазіргі күнде де қалам ұстағандардың қарасы көбейді. Олардың жолдың шалғайлығына байланысты қалаға жиі қатынауы қиындық тудыратынын ескере келе, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының жанынан Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев атындағы «Теңіз» әдеби бөлімшесін ашуды жөн көрдік. Алдағы уақытта да халық әдебиетін дамыту жолында күш-жігерін аямайды деген сеніммен бөлімше басшысы етіп Өмірзақ Қажымғалиұлын тағайындаймын. Сөз зергерінің қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырудағы, қаламгерлердің басын қосудағы жоғары белсенділігіне көзіміз жеткен. Бөлімше мүшелерін бірлесіп, руханиятымызды өсіруге атсалысуға шақырамын,– дей келе, бөлімшенің мақсат-міндеттері мен өкілеттігімен таныстырып өтті.

 

Өмірзақ Қажымғалиұлы артылған жауапкершілікті қош алып: - Қойшығұл Өмірұлы Атырау облыстық филиалын басқаруды бастаған жылдан бері әдеби-мәдени іргелі істерді жүзеге асырып келеді. Басында филиалға мүше болған 4 кісіні 25 кісіге көбейту - екінің бірінің қолынан келе бермейтін нәрсе. Филиалдың ауданнан бөлімшесін ашу ниетімізді қолдап, оған мұрындық бола білгеніңізге зор ризашылығымызды білдіреміз. Бұл бөлімге әдеби, мәдени шараларды оздыруға қабілеті алатын, кейінгі ұрпаққа өнегелі іс көрсетер аға буын өкілдері мен жазуға жаны құштар жастар мүше болып отыр. Басшының орынбасарлық қызметіне Таңатар Дәрелұлын, жауапты хатшы қылып Еркеназ Еркінқызын тағайындағым келеді. Тағылымды бастамаларды қолға алып, сенім биігінен шығуға тырысамыз,-деді.

img_9872

Қарымды қаламгерлер Таңатар Дәрелов пен Нұрлығайын Нұғыманов өз лебіздерін білдірді. Өзге де ұсыныс-пікірлер де ортаға салынды. Бөлімше басшылығы аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың жеке қабылдауында болып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521