Құрманғазы аудандық мұражайында «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты кітаптың ІІІ томының редакция алқасының отырысы өтті.
Оны Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты кітаптың редакция алқасының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев ашты. Аудандық мұражайдың директоры Жазира Хайрошева аталмыш кітаптың алғашқы екі томы бойынша марапатқа ұсынылғандарды атағаннан кейін, оларды аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудан энциклопедиясының бірнеше шығарылымының редакторы Асқар Ғұмаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов облыс, аудан әкімдерінің, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының алғыс хаттарымен, «Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл» төсбелігісімен, «Өренді өлкетанушы» клубының Құрмет грамотасымен ұлығылау рәсімін жасады. Марапатталушылардан ардагер ұстаз Оралбек Ғарифолла жаңа томға майдангер Сабыр Лұқпановты енгізу қажеттігін алға тартып, ол қолдау тапты. Одан кейін шыққалы жатырған кітаптың тараулары бойынша жасалатын жұмыстар тыңдалды.
«Еселі еңбектің ерлері» атты І тарауы бойынша хабарлама жасаған редакциялық топтың жетекшісі Нұрлығайын Нұғыманов алдыңғы екі томға енбей, ескерілмей қалғандар болғанын жеткізді. Тағы да сондай жағдай орын алмас үшін бұл жұмысты құнттаған жөн. Айтуынша 1930-1940 жылдары еңбек еткен аналар туралы мәліметтерден Нұржау, Орлы ауылдық округтері тиісінше 75 және 60 адамдікін берген. Басқаларында бұдан аз, 2 -11 адам аралығында мәліметтер жіберген округтер де жоқ емес. 14 мыңның үстінде халқы бар Құрманғазы ауылдық округінен бар-жоғы 27 адамның мәліметі ғана беріліп отыр. Хабарламашы соғыс кезінде күні-түні жұмыс жасаған аналар мен үлкен қариялар назардан тыс қалмаса екен деген алаңдаушылығын жеткізіп, Азғыр өңірінде осы жұмысты жандандыру керектігін айтты.
«Азғырдың ақиқаты» атты ІІ тарау бойынша редакциялық топтың мүшесі, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов бұл бағытта қолынан келгенше жұмыстанып жатыр екен. Өз хабарламасында «Азғыр» атауының шығуы, қыр өңірінің өзекті мәселелері, жолды күтіп ұстау, ауыз сумен, газбен, электр энергиясымен қамту, ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге көмек жайлы сөз қозғады. Редакция алқасының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев айтқандарының бәрі маңызды екеніне тоқталып, қағазға түсіріп беруін, өз тарапынан қандай көмек қажеттігін сұрады. Азғыр бойынша редакциялық топтың құрамына қыр өңірінің қыр-сырына қанық аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахты енгізу ұсынылды. ІІІ-IV-V-VI тараулар бойынша Жұмақай Ғұмаров, Асқар Ғұмаров, Сағынжан Рахимов, Жамал Хасанова, Қадырбай Жармұхамбетов өз тараптарынан атқарылатын жұмыстар жайлы хабардар етті.
Осылайша кітаптың тараулары талқыға салынғаннан кейін, редакция алқасының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев өткенде аудан әкімі Марат Мурзиев жиналысқа қатысып, қолдау білдіргенін айтып, редакциялық топ мүшелерін ауданның тарихын қамтитын туынды болғандықтан әр тарауында ақиқат тұруына сергіктікпен қарауға, алдағы өткелі отырған Президент сайлауына бір кісідей қатысуға шақырды. Соңында редакциялық орталық штабтың жиналасын екі аптада бір, тараулар бойынша штабтың отырысын аптасына бір рет өткізіп тұру қажет деген шешім қабылданды.
Қанат ҒҰМАРОВ