Аудан әкімі Қайрат Нұртаев орынбасараларымен, төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерімен бірге Байда, Шортанбай, Дыңғызыл ауылдық округтерінде болып шекарадағы дезкедергі жұмысын, өр суынан қорғайтын бөгеттердің жағдайын көрді.
Жолай Атөткел көпіріне тоқтаған аудан әкімі Қайрат Талапұлы мердігер мекеме «Бекет Сәт Жол» ЖШС-нің өкілімен бірге оның жағдайымен танысты. Көпірге қатысты кейбір тапсырмалар берді. Жамбыл ауылымен екі ортаға кішкентай құбыр салып кеткенін, су жақсы жүруі үшін оны ауыстыру қажеттігін айтты. Аудан әкімінің орынбасарлары Жандос Бектеміров, Жастілек Хасанов тағы екі каналдың астына су ағатын құбыр салынбағанын жеткізді. Аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне осы жұмыстарды өр суы жайылып кетпей тұрғанда тездетіп аяқтауды тапсырды.
– Әріптестер өр суынан туындайтын қауіптің қазірден бастап алдын ала бермесек, ертең кеш қаламыз. Су бөгетпен бірдей болса, жағдай қиындап кетеді. Әрбір округке аяқтай барып дайындық барысына көз жеткізіп шығуымыз керек. Кімге не қажет? Соның бәрінің есебін шығарайық. Бірлік, Сафон ауылдарында су жылда бөгетке тіреледі. Бізде өр суымен күреске қажетті қандай құралдар бар, соларды тасқын жарып кетуі мүмкін жерлерге тез арада таратыңыздар. Округтер өз күшімен қандай жұмыстар атқара алады, соны саралайық, - деді аудан басшысы. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Хасанов үш мыңдай қап барып қаперге берді.
Қ.Ғұмаров