Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Замзагүл Карсакова және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Болат Жүгінісов, Бержан Кенжебаев, Нұрлан Хұсайнов, Амангелді Рахметденов Жаңаталап ауылдық округіндегі саулаушылармен жүздесті.
Кездесуде Замзагүл Карсакова Қазақстанның ең ірі, жетекші саяси партиясы – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы ауданды дамытудың 7 басым бағытын таныстырды. Болат Жүгінісов еліміздегі саяси реформалардың басты бастамашысы және іске асырушысы аталмыш партияның негізгі мақсаты тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту екенін атап өтті. Бержан Кенжебаев аймағымызды көркейту бағытында жүзеге асқан бірқатар ауқымды шараларға және алға қойылған жаңа жобалар мен жоспарларға кеңінен тоқталды. Нұрлан Хұсайнов халық игілігіне газ пайдалануға берілгенін, көп жер ауызсумен қамтылғанын, көше жарығы орнағанын, тұрмыстың кейбір кем-кетік тұстарын толықтыруға алдағы уақытта да білек сыбана жұмыстанатынын айтты. Дамудың стратегиялық бағытын анықтау кезінде әрдайым халықтың пікіріне сүйенетін «Nur Otan» партиясының депутаттығына үміткерлерге тұрғындар ауылға ең негізгі қажеттіліктерді тізбектеді. Атап айтсақ, малға, егінге су жетіспейтінін, жайылым жерлерін ошаған басуына орай әбден тозғанын және жол бойында мал өткелдері тым сирек екенін мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ, республикаға танымал халық театры бар ауылға жаңа мәдениет үйі, ауылішілік жол салынса, «Сейнал» көпірі жөндеуден өтсе нұр үстіне нұр болатынын жеткізді. Үміткерлер бұл сұраныстарды сайлауалды бағдарламаға енгізіп, шешімін қарастыратындарын қаперледі. Кездесуден соң, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Алтай Тойлыбаевтың азық-түлік дүкенінде, зейнеткер Сираж Ибраев пен ардагер ұстаз Құрманбике Шамшиеваның шаңырақтарында болып, мемлекеттік билік пен қоғамның тиімді өзегіне айналған көсбасшы «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.
Одан әрі үгіт-насихат жұмыстары Ақкөл ауылдық округінде жалғасты. Үміткерлер дәрігерлік амбулаториядағы ақ халатты абзал жандар мен «Ақкөл» ауылдық жалпы орта мектебіндегі ұстаздар қауымымен жүздесіп, әлемді жайлаған қауіпті індет кезінде жоғары жауапкершілікпен ерен еңбектің үлгісін көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді. Аудандық мәслихат депуттаттығына үміткер Арай Қаржауова, Амангелді Рахметденов ауыл тұрғындарының көкейіндегі түйткілді жайттардың қатарында жаз айында ауызсу тапшылығы, көше жарығы мен ауылішілік жол қажеттігі барын сөз етті. Кездесуге қатысушыларға «Nur Otan» партиясының негізгі ұстанымдары айқындалған бағдарлама мен «Қазақстанның жеті жетістігі» жазылған парақшаларды таратты.
Шаңырағына арнайы бас сұққан үміткерлерге теміржол саласының ардагері Наурызбай Сейітұлы Қазақстанның қазіргі заманғы барлық табыстары мен жетістіктері елдің басты партиясымен тікелей байланысты екенін зор сеніммен айтып, қолдайтынын білдірді.
Еркеназ Қалижан
"Nur Otan" партиясы Атырау облысы Құрманғазы ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді