Әр нөмірін күтіп жүреміз

(1 Vote)

Биыл аудандық «Серпер» газетіне 90 жыл толып отыр. Осы жылдардың ішінде басылым жан-жақты қозғамаған, көтермеген, жеткізбеген мәселе мен жаңалық жоқтың қасы. Ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынов айтқандай «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» міндетін жыл сайын абыроймен атқару үстінде.

Мен ардагерлердің бірі болғандықтан осы газетпен бірге жасасып келемін деп мақтанышпен айтамын. Жас шағымнан бері қолымнан түспеген серігім. Қазір де үйге пошта келісімен жазылған басылымдарымның ішінен бірінші «Серперді» қолға аламын. Ашып оқып, ауданның, туған жеріміздің тұрмыс-тіршілігіне қанығып, рухани жағынан кемелденіп қаламын. Сонымен қатар мерейжасқа жеткен аудан тұрғындарын көріп қуана құттықтап, күні кеше арамызда жүрген замандасымыз өмірден өтсе қайғырып, оның да қадесі қашан болатынын оқып, дұға жасап шығуға асығамыз. Бір қалсаң қала бересің. Жалпы бұл басылымның жылдан-жылға тартымдылығы мен таралымы арта түсуде. Бүгінде «Егемен Қазақстан» сияқты көлемді болып шығып жүр. Түрлі тақырыпты қамтиды. Айнагүл Күнұзаққызы бастаған журналистері де сауатты, өзіндік жазу стилі қалыптасып қалған қаламгерлер. Қандай тақырыпқа түрен салса да атүсті кетпей тереңнен қозғайды. Хабар-ошарларды адамды жалықтырып жіберетіндей етпей, шағындап жеткізеді. Оқырмандар хаттары да беттерінен көрініс табады. Міне, осындай газетке, аудан айнасына 2021 жылға жазылу науқаны басталды. Жергілікті әкімдіктердің, «Қазпоштаның» ұйымдастырушылық қабілеті осындайда көрінеді. «Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір бөлек» дегендей, былтыр округімізге әкім болып Мұрабек Рифхатұлы келді де болжамды орындады. Халықпен тығыз жұмыс жасағанына қуандым. Қай ауылдың халқы да өз әкімдерінің абырой-беделі асқақтап жатса риза болады ғой. Адамдар газетке жазылмайын демейді, түрлі себептер, қиыншылықтар туындап жатады.

Жаңа айтқанымдай бәрі ұйымдастырушылық шеберлікке тіреледі. Сүйікті «Серперіміздің» оқырмандары да көрегенділік, тектілік танытып аудандық басылымды қолдап, жыл сайын жазылудан шет қалмайтынына ризамын. «Бірлік бар жерде тірлік бар», дегендей биылғы науқанда да «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білетін ұйымшылдығымызды көрсетейік ағайын! Өзім аз ғана зейнетақымның бір бөлігін басылымдарға жазылуға жұмсағаныма өкінген емеспін. Аудан айнасы әр отбасының төрінен табылсын деймін.

Мәдениет Харестегі,

ардагер ұстаз, Нұржау ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521