Егемен ел екенімізді айшықтайтын бірден-бір нышандар – Мемлекеттік Туымызбен, Елтаңбамызбен және Әнұранымызбен тәуелсіздігіміздің тұғыры нық.
Қазіргі таңда көк Туымыз биікте желбіреп, Елтаңбамыз елімізді еңселендіріп, Әнұранымыз асқақтап тұр. Мемлекеттік рәміздер күніне орай Еңбекші ауылдық округіндегі саябақта көрнекті ақын, еліміздің Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Оған қатысқан Еңбекші ауылдық округі әкімшілігі, ауылдық клуб, мектеп, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, дербес бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, аудандық, Теңіз ауылдық аналар кеңесінің, жас аналар мектебінің мүшелері гүл дестелерін қойды. Шарада сөз алған Еңбекші ауылдық округінің әкімі Р.Әмірханов атаулы күннің маңыздылығына тоқталды.
- Отанға, елге деген құрмет ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге деген әрбір азаматтың жүрек соғысынан танылуы қажет. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Әнұран және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген. Ол әркім ойына келгенді істейтін қолжаулық емес. Ол елдің, ұлттың ұғымында да берік қалыптасқан киелі ұғым. Отаншылдық, мемлекетшілдік, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес. Мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті жатыр, - дей келе аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Нұржау жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Мәжиденова ақынның «Ескерткішке» деген өлеңін шабыттана оқыды.
А.Шакупова