Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні мерекесіне орай аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Рәміздерім – айбыным» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Салтанатты шарада Құрманғазы агротехникалық колледжінің директоры Болатбек Өтегенов сөйлеп: – Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті. Өйткені біз оны қастерлеу арқылы елімізге, мемлекетімізге деген ізгі ниетіміз бен шын ықыласымызды білдіреміз. Қай уақытта болса да әлемнің әр түкпіріндегі елдер үшін де тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің неғұрлым кең көрінісі мемлекеттік рәміздер болып табылады. Рәміздер өзінің болмысымен, мазмұнымен әрбір азаматтың туған еліне деген отаншылдық, патриоттық рухын асқақтатады. Оның әр жүректе өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда алар орны ерекше.
Қысқасы, Отан мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Осы екі егіз ұғым әр азаматтың жадында жүрер болса, онда рухы асқақтайды. Ал, рухы мықты елдің алар асулары әрқашанда жоғары болатынын сөзсіз, - деп рәміздерімізге, оның тарихы мен авторларына тоқталып өтті.
Құттықтау сөзінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Жастілек Хасанов: – Елтаңба, Ту мен Әнұранымыз – еліміздің тарихынан сыр шертетін, халқымыздың рухани ұлттық санасын, даналығын, болашаққа деген үмітін жеткізетін ерекше құнды белгілер, тәуелсіз мемлекеттің басты айшықтары. Қыран бүркіт қуаттылықты бейнелеп, желмен желбіреген көк байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатса, тұлпар сұрапты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық құндылықтарымыз бен шаңырағымыздың берекетін паш етуде. Ал, бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын асқақтата көтерген «Менің Қазақстаным» атты Әнұранымыз әрбір қазақстандықтың жүрегін елжіретіп, бірлік пен татулыққа үндеуде. Бүгінде біздің көк байрағымыз Еуропалық одақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының және басқа да беделді ұйымдардың штаб пәтерлерінде желбіреуде. Мұның өзі бәріміз үшін үлкен мақтаныш, - деді.
Қанат ҒҰМАРОВ