Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі – әйел құқығын бұзатын құбылыс қана емес, сондай-ақ, өскелең ұрпаққа тәрбие беруде кері әсерін тигізетін құбылыс.
Осы қауіпті қатердің бетін қайтару мақсатында Атырау облыстық полиция департаментінің №1-30-4-52/6301-И санды нұсқауына сай, аудан көлемінде «Әйелдерге қатысты зорлық-қомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізілуде. Акцияға аудандық аналар кеңесі де үн қосып, орталық балалар кітапханасында «Әр әйел зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге лайықты» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Кеңес төрайымы Балғаным Хасенова дөңгелек үстелді ашып жүргізіп, еліміздегі ең басты құндылық – адам бостандығы, конституциялық заңдылық төңірегінде кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықты төрт түрге бөліп қарастырып, олардың шығу себептері мен келтірер залалын нақтылап айтты.
Аудандағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы» басшысының орынбасары Гүлжайнар Салауатова аталмыш бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың оң нәтижесімен бөлісті. Абай атындағы жалпы орта мектебінің психолог маманы Гаухар Ахметова тағдыр тезгісіне түскен әйелдердің психологиялық жағдайы, оларға көрсетілетін көмек-қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Қоғамда өзектілігін жоймайтын қасіретті жайттың алдын-алу және ана мен бала құқығын қорғау аясында кеңес мүшелері тұщымды ой-пікірлерін ортаға салды.
Еркеназ Қалижан