Әр бала – жарқыраған жұлдыз

(0 Votes)

«Duman Plaza» тойханасында «Biz birgemiz» еріктілер тобының ұйымдастыруымен «Әр бала – жарқыраған жұлдыз» атты ерекше балаларға арналған Жаңа жылдық кеш өтті. Оған ауданымыздан 40 ерекше күтімді қажет ететін бала мен олардың ата-аналары қатысты. 

Осындай қайырымдылық шараларының басы-қасында жүріп, кішкентай бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына қуаныш сыйлайтын «Biz birgemiz» еріктілер тобының жетекшісі Тілекші Аболова кешті ашып:

– Балаларға арналған өзіміздің арнайы сыйлықтарымыз бар. Бәрі де Жаңа жылға керек деп ойлаймыз. Сол сыйлықтарымызды бірден таратып тастағымыз келіп тұр. Түрлі тәттілер қойылған, сіздер үшін жайылған дастарханға жайғасып, дәм татып, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалап отырыңыздар. Мақсатымыз жыл қорытындысын жасап, ерекше балалар мен олардың ата-аналарына мерекелік көңіл-күй сыйлау, – деп топ мүшелерімен бірге балаларға сый-сияпаттар таратты.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің азаматтық орталығының маманы Балжан Жұмалиева:

- Қатысып отырған балалардың ата-аналары сіздердің дендеріңізге саулық берсін, өмірлеріңіз ұзақ болсын. Мұндай балаларды тәрбиелеу оңай емес. Сіздер соның бәріне шыдап, қиындықтармен күресіп келесіздер. Балаларыңыз аман-есен сауығып кетсін. «Біз біргеміз» еріктілер тобын құрып, осындай шара ұйымдастырып жатқан Тілекші Қайратқызына алғысымды білдіремін. Жас болғаныңызбен есіміңіз облысқа, ауданға жақсы танымал. Қасыңыздағы жастармен бірге үнемі осындай шаралар өткізіп, балаларды қуантып жүрсіз. Жасаған жақсылықтарыңыз еселеп қайтсын, – деп «Biz birgemiz» еріктілер тобының жетекшісі Тілекші Қайратқызына ризашылығын білдірді. Құрманғазы ауданының зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының қызмет алушы балаларын үнемі назардан тыс қалдырмай, осындай қайырымдылық шарасынан қалдырмай, балаларымызға жақсы көңіл-күй сыйлағаны үшін алғысын жеткізіп,  орталық директоры Рүстем Болатбекұлының  Алғыс хатын, директордың орынбасары Гүлшарат Жақсылықова «Біз біргеміз» еріктілер тобының жетекшісі Тілекші Қайратқызына табыстады. 

Ортаға ерекше балалар шақырылып, өз өнерлерін көрсетті. Тақпақ айтып, би билей алатындары, ертегі кейіпкерлерінің киімдерімен келгендері сыйлықтарын алды. Аниматорлар да кеш қызығын қыздыра түсті.

Шара ортасына таман көк мұз тұстес әдемі тоны бар Аяз ата мен Ақшақар келіп, балаларды қуантты. Мәз мейрам болған олар Жаңа жылдық кештің басты екі кейіпкерінің алдында тағы да тақпақ айтып, сыйлықтар иеленді. Кеш соларға арналғандықтан ештеңе айтпай жәй ғана барғандарына да сыйлықтар ұсынылды. Аяз ата мен Ақшақар балалармен және олардың ата-аналарымен, «Biz birgemiz» еріктілер тобының мүшелерімен бірге қол ұстасып, әсем әннің ырғағымен жасыл шыршаны айналды. Үстел басына жайғасқан балалар мен олардың ата-аналарына да сыйлықтар үлестірілді. Соңында ата-аналарға «Biz birgemiz» еріктілер тобының 5000 және 20000 теңгелік сертификаттары табыс етілді. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT