«Quiz» интеллектуалдық ойынында бақ сынады

(0 Votes)

25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне және қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қызметкерлер күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапханада «Quiz» интеллектуалдық ойыны өтті.

Ұйымдастырушы – аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы. Сайысқа «Педагогтар», «Мейірімді жүрек», «Қыран», «Қазына» атты төрт команда қатысты. Аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының директоры Рүстем Нәсиболлаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталған сайыс «Сұрақ-жауап», «Тауып көр», «Суреттегі кім?», «Өлке тарихы», «Кино тур», «Логикалық сұрақтар» сынды бөлімдерден тұрды. Әр бөлімде 10 сұрақ жасырылды. Жауаптар 5 баллмен бағаланды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», дегендей, барлық командалар да жеңіске деген жігерлерін шыңдап, берілген уақытта толғантқан сұрақтың жауабын табуға белсене кіріскенімен, «Педагогтар» командасының бағы жанып, бас жүлде бұйырды.

«Мейірімді жүрек» командасы сәл кейіндеу қалып, І орынды қанжығалады. ІІ орынды «Қыран» командасы еншіледі. Ал, «Қазынаға» ІІІ орын иеленді. Тартымды өткен интеллектуалдық сайыстың жеңімпаздарын әділқазылар алқасының төрағасы Рүстем Нәсиболлаев, мүшелері Әнуар Сәбитов, Қанат Ғұмаров дипломдармен, алғыс хаттармен ұлығылады.

Қанат Зарлыханұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT