21 тамыз 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездестім.
Атырау облысындағы іс сапар кезінде тұрғындардан білім беру мәселесіне қатысты қойған сұрақтары бойынша пікірлестік. Соның ішінде, қашықтан оқыту, кезекші сыныптар, ұстаздарға еңбек төлеу тәртібі, бала бақшаларды толықтай білім беру ұйымына қарату, мектеп директорларын ротация арқылы тағайындау, тестен өткізу мерзімі, олардың жалақысын көтеру және мемлекеттік сатып алу жұмысынан босату т.б мәселелер сөз болды.
Асхат Қанатұлы барлық сұрақтар бойынша толық түсінік берді. Кейбір мәселелердің Парламент қарауына жіберілгенін жеткізді.
Көптен айтылып психолог мұғалімдер тарапынан үнемі көтеріліп жүрген "Bilim Foundation" Қорының қызметіне тоқталдым. Қор өзі атқаруға тиісті жұмыстарды мектеп психологтарына жүктеп, олардың еңбегін тегін пайдаланып отыр деген өтініштер бар. Министр бұл тікелей әкімдіктерге қатысты деді. Кейбір әкімдіктер Қормен келісім шартқа отырып ақша төлеуде. Көп облыстар ондай келісім шартқа отырмаған. Ал Қордың ақша төленіп отырған өздері істеуге тиісті жұмысты мектеп психологтарына жүктеуі дұрыс емес, деді Министр.
Мен де осы ойдамын. Мектеп психологтарының өз жұмыстары жеткілікті, бекітілген өз бағдарламалары бар. Заңмен де ұстаздарды заңнамамен белігенген жұмыстан басқа жұмысқа тартуға тыйым салынған. Сондықтан бұндай әрекет заңсыз. Әкімдер мен білім беру ұйым басшылары оған тоқтау салулары қажет.
Сәрсенбай Еңсегенов