Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы селекторлық режимде өтті.
Оны комиссия төрағасының орынбасары, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратова жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды. «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерінің алдын алу, оған ұмтылған балаларды өмірге қайта бейімдеу және оңалту жұмыстары» туралы «Bilim Foundation»қоғамдық қорының атқарушы директоры Ерлан Айтмұхамбетов баяндады.
Ол «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бойынша 2017 жылдан бастап атқарылған жұмыстарын саралап, ұлттық зерттеудің қорытындысы негізінде балалардың неге мұндай әрекетке баратыны қаперленді. Барлық суицидке баратын факторлар кәмелетке толмағанның бойында психикалық ақаудың пайда болуымен, яғни денсаулығындағы кінәратпен байланысты екенін айрықша атап өтіп, өйткені қайғылы жағдайларәлеуметтік тұрмысы төмен және жақсы отбасыларында да бірдей кездесіп отырғанын дәлелдемелермен келтірді. Одан әрі, слайд арқылы мектеп қызметкерлері, білім алушылардың сауаттылығын арттыру, сауалнама жүргізу, ата-аналар арқылы жан күйзелісінде жүрген балаларды, яғни қауіпті топты анықтаудың жолдарын облыс көлеміндегі көрсеткіштерін хабардар етті. Бағдарлама жұмысының арқасында өңірде суицид фактілерінің жылдан-жылға төмендеп келетінін тілге тиек етіп, шешімін табуды қажет ететін кейбір мәселелерін алға тартты. Хабарламашыға комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылды. Мәселені қорытындылаған Жансұлу Төремұратова қоғамда әр баланың өмірі қымбат екендігін жеткізіп, қауіпті топпен анықталғандар қағаз жүзінде қалып қоймай, олардың ата-аналарымен бірлескен түрде нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
«Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған шаралар туралы» облыстық төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілдері хабарлама жасап, әрбір аудандарда жағажай ашу мәселесін қарастыруды сұрады. 2018 жылы облыс бойынша 16 адамның суға кету фактісі тіркелсе, оның 5-еуі бала болған. Комиссия төрағасының орынбасары Ж.Төремұратова құзырлы органдар тарапынан «жабайы» жағажайларда патрульдік жұмыстарды күшейтуді ескертті.
Комиссия мәжілісінде күн тәртібіне сай өзге де мәселелер қаралып, талқыға алынды.
А.Шакупова