28 қараша 2022 жылы Құрманғазы ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан прокуроры Магилан Рахимовтың төрағалығымен семинар өткізіліп, ағымдағы жылы 5 қарашада қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның негізгі талаптары талқыланды.
Іс-шараға аудан әкімі Марат Мурзиев, аудандық сот төрағасының м.а. Гүлсім Тасқынбаева, жергілікті атқарушы, өкілді және құқық қорғау органдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, адвокаттық, нотариаттық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
«Прокуратура туралы» заңға Конституциялық заң мәртебесі беріліп, құқық қорғау функциясы күшейтілді. Бұл еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң. Заңның негізгі мақсаты - прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру және құзыретін кеңейту болып табылады. Сондай-ақ адам, оның құқықтары мен бостандықтарын, азаматтардың сенімін және елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей бағытталған», - деп атап өтті аудан прокуроры.
Аудан әкімі аталған Конституциялық заңның маңыздылығына тоқталып, елімізде басты қадағалаушы орган прокуратураның алатын орны ерекше екенін және атқаратын міндеттері ауқымды екенін айтты.