Поштасыз қалған ауылдар

(1 Vote)

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошта байланыс торабының қоғам өмірінен алатын орны ерекше.  Адаммен бірге жаралған ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызметтің бұл түрінің тамыры тереңде жатыр.

Жүздеген жылдар бұрын пайда болып, қазіргі таңда үлкен реформадан өткен аталмыш саланың ел игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Бір қынжытарлық жайт, осы уақытқа дейін қалың көпшіліктің «ең тиімді көмекшісіне» айналған ауданымызға қарасты Орлы, Асан ауылдарындағы пошта байланыс бөлімшесі ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап өз жұмысын тоқтатты.

 Тұрғындар базынасы

Бүгінде редакциямызға хабарласып, осы мәселеге орай көкейіндегі базынасын айтушылардың қарасы артқан. Бір сөзбен айтқанда, бұл өзгеріс елді мекендегі тұрғындардың наразылығын тудыруда. Себебі, күнделікті жақын жерден қаржылық міндеттерін уақытында орындауға мүмкіндік туғызатын орталықтан айырылу кім-кімге оңай емес. Сөзімізге дәлел ретінде Орлы ауылының ардагер-ұстазы Сара Алпысованың арыз-шағымын назарға алсақ: - Бұл пошта жабылса, аудан орталығына көлік жалдау арқылы қалтамызға салмақ салып баруға тура келеді. Банк алдында кезек өте көп, ойға алған шаруаларымыз межелеген сағатта бітпейді, таң атқаннан кеш қарайғанға дейін кезекке тұруға денсаулығымыз жарамайды. Баршамызға белгілі, қазір - елді жайлаған індеттің өршіп тұрған кезі. Карантин талаптарын сақтау – басты мақсатымыз. Олай болса, біз неге онсыз да аз емес кезекті одан сайын көбейтуіміз керек? Аналар да балаларын үйден оқытып отыр. Сағаттап кезекте тұрса, олардың ас-суын кім дайындап, сабағын қалай қарайды?! Оңтайландыру дұрыс шығар, бірақ, ол басқалардың мүддесіне нұқсан келтірмегені жақсы.

Сондай-ақ, Асан ауылдық округі әкімдігіне де аяқтай келіп, өтініш хатын тапсырғандар жетерлік. Олар өз сөзінде аудан орталығын айтпағанда, Балқұдық, Сүйіндік ауылдарындағы пошта бөлімшері тұрғылықты жерден 70 шақырым қашықтықта екенін, шаруаларын реттеу үшін жол шалғайлығы қол байлау боп тұрғанын айтуда. Осылайша сең соққандай сергелдеңге түскен тұрғындар ауылдарындағы пошта бөлімшелерінің 5 күндік толық 8 сағаттық жұмыс уақытымен ашылғанын сұрайды.

 Жылжымалы пошта қызмет көрсетеді

Мәселенің жай-жапсарына үңілу сәтінде аудандық пошта байланысы торабының басшысы Виктор Түсекеевті сөзге тартқанымызда: - Орлы және Асан ауылдарындағы пошта бөлімшелері уақытша жабылды. Себебі өз шығындарын ақтамауда, нарық жағдайында тиімсіз боп табылуда. Орлы ауылы аудан орталығынан 3-4 шақырым жерде орналасқан, ауыл халқы орталыққа барып әртүрлі төлемдер және т.б. қызмет түрлерін алады. Ал, Асан ауылы орталықтан 180 шақырым жерде. Ол жерде ғаламтор ALTEL ұялы байланысы арқылы қосылады. Бұл салыстырмалы түрде өте қымбатқа шығып тұр. Аудандағы қалған бөлімшелер нарықтық жағдайға байланысты өз жұмысын толықтай атқаруда. Қазпошта АҚ-ның Атырау облыстық филиалының директорының екі бөлімшенің жабылатыны жөніндегі қызметтік хаты облыс және аудан әкіміне жолданды. Одан бөлек, облыстық Қазпошта филиалы директорының орынбасары іс-сапармен мекенімізге келіп, аудан басшылығымен кездесу өткізді. Асан ауылының халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда уақытша жабылған бөлімшелердің жұмысын тоқтатпау мақсатында аптасына екі рет жылжымалы пошта қызмет көрсететін болады,-деді.

P/S: Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыруы кезеңінде ауыл көркем келбетке, ал оның тыныс-тіршілігі уақыт шындығы мен талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Бұл - ел Президентінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында да кеңінен көтеріліп жүрген мәселе. Пошта бөлімшелерін жабу салдарынан әлеуметтік теңсіздік орнап, ел бесігі - ауылда тұру өте қолайсыз болатынын алға тартқан ағайынның алабұртқан алаң көңілі көп кешікпей басылса игі...

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT