Полиция қызметкері баршаға үлгі болуы тиіс

(0 Votes)

Күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тәртіп сақшыларының еңбегіне көлеңке түсірмеу – өзімізге байланысты емес пе?

Себебі, кейінгі кезде отқа да кіретін, суға да түсетін, суицид жасаймын дегендерді де ажалдан арашалап қалатын да осы – полиция. Коронавируспен күресте де олар жанкештілікпен еңбек етіп жүр. Дегенмен, аталған органның қызметіне айтылатын сын жеткілікті. Бірақ, сын орынды ғана болғанда келеңсіздік түзеледі. Ал орынсыз сын полицияның беделін түсіретіні анық. Мереке қарсаңында өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы төңірегінде аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Тұрғали Тұрғамбайұлы Жұмашевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Тұрғали Тұрғамбайұлы, ауданның кримоногендік ахуалы қалай? Қылмыстардың ашылуы қандай деңгейде?

- 2021 жылдың 5 ай қорытындысымен аудан көлеміндегі қылмыстық құқықбұзушылықтар -25,2%-ға (83 қарсы 111), оның ішінде қылмыстар -21,9%-ға (75 қарсы 96) төмендеді. Жалпы ауыр қылмыстар -9,7, орта дәрежелі қылмыс -2,4, ауыр емес қылмыс -73,9, ұрлық -57,5, мал ұрлығы -42,9 пайызға төмендеді.

- Казіргі уақытта бізді аландатқан мәселе - ол алаяқтық қылмыстары. Олар +87,5%-ға өсіп отыр. Оның барлығы - интернет алаяқтық қылмыстары. Алдын алу аталмыш қылмыстан сақтанудың жолдары аудан тұрғындарына түсіндірілуде.

- Дүниежүзін алаңдатып отырған пандемиямен күресте сіздердің де сүбелі үлестеріңіз зор. Осы бағытта қоғамдық тәртіппен карантиндік талаптардың сақталуы бойынша жыл басынан атқарған жұмыстарыңызды саралап өтсеңіз.

- Коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуының жолын кесу, болдырмау мақсатында, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы медициналық құралдармен толықтай қамтамасыз етілді. Аурухананың жанынан бөлінген «Провизор» бөлмесінде ауруға күдіктілер орналастырылғандықтан, полиция бөлімінен екі кезеңге кезекшілікке түсетін 1 автокөлік және 2 тәртіп сақшысы бөлінді. Сонымен қатар, бөлімнің 89 қызметкері ауданымыздың көшелеріне қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалау бойынша патрульдеу жұмыстарын күшейтілген түрде атқарды. Карантиндік шектеу шараларына құлақ аспаған 23 тұлға, оның ішінде 10 жеке кәсіпкер анықталып, тиісті құжаттар бойынша шешім алу үшін жергілікті санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

- Жұмыстың нәтижесі кадрлардың біліктілігіне байланысты екені белгілі. Жалпы, полиция қатарына кімдер қабылданады? Қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары туралы не айтасыз?

- Қылмыспен күресте полиция қызметкерінің өмірі қыл үстінде тұратыны анық. Мәселен, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы мыңға тарта полиция қызметкері қызмет үстінде қайтыс болса, төрт мыңға тарта тәртіп сақшысы жарақат алған. Себебі, олар қызмет борышы бойынша алдымен өздерін емес, өзгені ойлауға міндетті. Тәртіп сақшысы үшін адам қауіпсіздігі, қоғамдық тыныштық пен тәртіп – алдыңғы орында. Жалпы, полиция қызметкері баршаға үлгі болып, халықпен тығыз байланыс орнатуы тиіс. Қарулы күштер қатарында қызмет еткен немесе әскери дайындықтан өткен, арнайы орта және жоғары «құқықтану» мамандығы бойынша білімі, жасы 35-тен аспаған болғаны абзал. Жұмысқа қабылдану үшін арнайы тестілеуден өтуі қажет (ХҚҚО-на тіркелу арқылы). Полиция қызметкерлері киім-кешекпен, қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, басқа қаладан немесе ауданнан келіп жұмыс жасап жүрген қызметкерлерге пәтер ақы төленеді.

- Қызмет бабында қандай проблемалық мәселелерге жиі кезігіп келесіздер?

- Бүгінгі таңда полиция бөлімі ғимаратты қажет етеді. Қазіргі орын 1969 жылы 15 қызметкердің жұмыс атқаруына арнап салынған. Штат қызметкерлерінің көбеюіне байланысты 1970-1971 жылдары негізгі ғимаратқа қосымша жұмыс бөлмелері қызметкерлердің күшімен салынды. Казіргі уақытта штат бірлігі 9 есе өсті. Осы мәселе шешілсе жеке құрамға толықтай дұрыс жұмыс жасауға септігін тигізеді деп ойлаймын.

- Мерекелік тілегіңіз...

- Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолында қызмет етіп жатқан әріптестерімнің қажырлы еңбектеріне сәттілік тілеймін. Әрдайым анттарына адал, ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет қылған ардагерлеріміз қандай құрметке де лайық. Еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін, бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Сұхбаттасқан

А.ШАКУПОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521