Полиция қызметкері Жалғас Мәдениетұлы

(1 Vote)

Қазіргі таңдағы қазақ полициясының бейнесі қандай? «Кешегі батыр бабалардың, жаужүрек қазақтардың жалғасы – бүгінгі тәртіп сақшылары» дегенді ой елегінен өткізейік. 

Бүгінде полицейлердің жұмысын жақсартуға, олардың әл-ауқатын арттыруға жан-жақты көңіл бөлінуде. Есесіне, жұмысқа деген талап та күшейген.  Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен тәртіп сақшыларының жалақылары мен әлеуметтік жеңілдіктері қарастырылуда. Бұл дегеніңіз, полиция қызметкерінің шаңырағында кез-келген отбасыға сәйкес, орын алып жататын қаржылық жетіспеушіліктер, әлеуметтік-медициналық қажеттеліктерді толықтырып, тәртіп сақшысының еркін әрі, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау. Талаптар мен қолдаулардың арқасында полицейлердің ішкі істер органдарында қызмет етуге ұмтылысы, елге еңбек етуге деген ынтасы артатыны сөзсіз. Алған жалақысы күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырылған қызметіне сай болса, отбасында береке мен тыныштық орнайтыны анық. Әркім өз ісіне адал, қоғамға құлшына көмектескенде ғана берекеміз мен бірлігіміз артады. Бұл қағидаға қарапайым жедел уәкілден бастап, шенді генералға дейін бағынуы тиіс деп ойлаймыз.

Жалпы, полиция қызметінің жүйелі жұмыс істей білуі – бүгінгі күннің басты талабы. Көлігін тоқтатқан азаматтармен дұрыс диалог өрбітіп, заңды талаптарын сауатты жеткізіп, кішіпейілділікпен ізет көрсету – министрліктің басты талабы. Жоғары білімді дипломы бар үміткерлер ғана полиция сапына қосылсын деген нұсқаудың бір мақсаты осы. Әрине, «бес саусақ бірдей» болмаса да, осындай талаптар тәртіп сақшыларын іріктеп, тек бес қаруы сай, физикалық әлеуеті мықты ғана емес, білімі мен мінез-құлқы азаматтармен ашық әрі, ілтипатпен жұмыс жасай білу қабілетін қажет етеді.

Аталмыш қағидаларға толықтай сай келетін ауданымыздың полиция қызметкері, бөлімнің экстермизмге қарсы іс қимыл тобының аға жедел уәкілі Сдыхов Жалғас Мәдениетұлы. Ол 1996 жылы 8 қазанда Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Жалғастың сыңары Олжас та полиция қызметкері. Ол қазіргі уақытта Атырау облыстық полция департаменті экстермизмге қарсы іс қимыл басқармасының жедел уәкілі болып қызмет атқаруда. Әкелері Мәдениет Сдыхов «Төбеарал» ЖШС-де жүк көлігінің жүргізушісі, ал аналары Альмира Кубашев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы Құрманғазы  аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде бас маман қызметінде. Егіздер 2003-2014 жылдар аралығында Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте білім алып, 2014-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі М.Есполатов атындағы Алматы заң академиясын тәмамдаған. Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін Жалғас туған жеріне оралып, алғаш еңбек жолын Құрманғазы аудандық полиция бөлімі Тергеу бөлімшесінің тергеушісі болып бастаған. Биылғы жылы бөлімнің экстремизмге қарсы іс қимыл тобының аға жедел уәкіл лауазымында. 2020 жылы Тоғжан Кәримолла атты арумен бас қосып, шаңырақ көтеріп, бүгінде екеуі отбасында Зере, Әлия атты кішкентай қыздарын тәрбиелеуде.

Бала кезінен полиция болуды армандаған, жауапкершілік деген сезімді алдыңғы орынға қоятын қасиетке ие Жалғас әрдайым өз ісіне сергек қарайды. «Алғашқы жұмыс күнінен бастап менде келешекке, өз мамандығыма деген сенімділік болды, себебі команданың мейірімді және әрқашан бір-біріне көмектесуге дайын екенін байқадым. Мен алты жыл бойы осы жерде аудандық полиция бөлімінде тәжірибе жинақтадым, енді жаңадан келгендерге көмектесуге асығамын. Өз міндетіңді жауапты атқару, оның маңызын сезіну адамға күш береді» дейді ол. «Мен үшін азаматтардың құқығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғау, достық ниетте және ілтипатты болу, Қазақстан халқы мен Республикасына қызмет ету – үлкен мәртебе» дейді полиция капитаны Жалғас.

Шынымен, күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тәртіп сақшыларының еңбегіне көлеңке түсірмеу – өзімізге байланысты емес пе?! Себебі, кейінгі кезде отқа да кіретін, суға да түсетін, суицид жасаймын дегендерді де ажалдан арашалап қалатын да осы  - полиция.  Өнегелі отбасының перзенті Жалғас Мәдениетұлы қызметтік жолында бірнеше мәрте департаменттің алғыс хатымен, тергеу органының 60 жылдық мерейтойына орай төсбелгімен марапатталды. Ең бастысы, қырағы сақшы ел алғысын әрқашан арқалай білген. 23 маусым полиция қызметкерлері күні қарсаңында ел тыныштығын, қоғамдық тәртіпті сақтауда өз үлесін қосып жүрген полиция капитаны Жалғас Сдыховты және бөлімде тынымсыз еңбек етіп жатқан құқық қорғау органының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Айнагүл Шакупова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT