Бүгінгі қоғамда еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа да білек сыбана кірісетін нәзік жандыларымыз аз емес.
Олардың барлығы да өз ортамызда жүр. Күнделікті күйбең тіршілік барысында олардың осынау жанкешті еңбектері көзге іліге де бермейтіні де белгілі.Қазіргі ақпараттық технологияның дамыған заманында аруларымыз қоғамның барлық саласында да тер төгуде. Тіпті, олардың полиция қатарында қызмет етуі ерекше мақтанарлық жайт.
Солардың бірі аудандық полиция бөлімі ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы, полиция капитаны Бақытгүл Әбутәліқызы Галиева. Оның бала кезгі арманы полиция қызметкерінің формасын киіп, қоғам тыныштығын қору болатын. Мақсаты мығым нәзік жанды тәртіп сақшысының қарым-қасиетін кішкентайынан бойына сіңіріп өседі. Сондықтан, оған аудандық полиция бөлімінде өзінің кәсіби қабілетін көрсету қиын болмады. Бүгінде құқық қорғау саласының соқпағы мен қызығын қатар арқалап келетін Бақытгүл ер азаматтармен иық тіресе жүріп, абыройлы қызмет етуде. Ол алдымен Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжінің «құқықтану» факультетін бітіреді. Содан кейін, Атырау мемлекеттік университетінен заңгер мамандығын алып шығады. 2007 жылы қызметін алдымен Құрманғазы аудандық полиция бөлімі ақпараттандыру және байланыс тобында техник болып бастайды. Содан бері, бір жерде табан аудармастан 13 жылға жуық еңбек етуде.
- Бала кезімнен тәртіп сақшыларының формасына қатты қызығатынмын. Қыз бала үшін жауапкершілік жүгі ауыр сала екенін әу бастан түсіндім. Бірақ, сол қиындығына қарамастан өзімнің арманымының шындыққа айналуы үшін осы уақытқа дейін бар күш-жігерімді жұмсаудан аянбай келемін, - дейді сақшы қыз.
Бақытгүлмен әңгіме барысында оның инабаттылығының астарында ер адамға тән қайсарлық пен табандылық жатқанынаңғарып, оның нақ осы саланың қызметкері болу үшін жаралғанын түсіндік.
- Арулар нәзік жаратылыс екеніне таласым жоқ. Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр апаларымыз ел басына күн туғанда ерлермен бірдей қолдарына қару алып, жаумен шайқасты. Бүгінгі Қазақ елі осындай батыл қыздарымен мақтанады, - дейді кейіпкеріміз.
Кезекшіліктер, жалпы ішкі істер органы қызметкерлеріне қандай міндеттер жүктелетін болса, соларды ер адамдармен атқару, оның алдыңғы қатардағы қызметкерлердің сапынан көрінуіне себеп болды. Бақытгүл барлық кезде де қарапайымдылығымен, тіке айтар өткір мінезімен, адамдарға көмек қолын созуға даяр тұратын мейірбандығымен, өз міндетін уақытпен санаспай атқаратын еңбекқорлығымен әріптестерінің көңілінен шыға білді. Еңбегі де елеусіз қалмады. Ішкі істер Министрілігінің алғыс хаты, облыстық полиция департаментінің грамоталарымен және Ішкі істер органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай медальмен марапатталған. Иә, полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала. Дегенмен, осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада адал қызметімен жарқырай көрінген Бақытгүлдей сақшы қыздарымызға сүйсіне қарайтынымыз рас...
А.Шакупова