ҚР Үкіметінің «Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті, қалалық, аудандық, қаладағы аудандық полиция органы бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдында есеп беруін ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» қаулысы негізінде С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің бастығы Т.Жұмашевтің жергілікті қауымдастық алдында есеп беру жиыны өтті.
Жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Нұртаев алдымен жиналғандарға ҚР Ішкі істер министрінің келісімімен және Атырау ОПД бастығының 2020 жылғы 21 ақпандағы № 54 санды бұйрығымен Құрманғазы ауданының полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалған полиция полковнигі Жұмашев Тұрғали Тұрғамбайұлының өмірбаянымен таныстырды. Жаңа лауазым иесінің 1981 жылы 26 қазанда Гурьев қаласында дүниеге келгенін, 2000 жылы ІІМ Павлодар заң колледжін, 2003 жылы Алматы қаласындағы Экономика және заң институтының бітіріп, заңгер мамандығын игергендігін, 2000 жылы Атырау қаласы ішкі істер басқармасының тергеушісі қызметінен басталған еңбек жолында кәмелетке толмағандар инспекциясында, қоғамдық қауіпсіздік басқармасында және соңғы жылдары ОПД Жедел-жоспарлау басқармасының штаб бастығы қызметтерін атқарғандығын айтқан аудан басшысы оның жаңа жұмысына сәттілік тіледі.
Полиция бастығының есепті баяндамасында 2019 жылдың 12 айындағы аудан көлеміндегі қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жедел-қызмет жұмыстардың нәтижесі және алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың бағыты қамтылды. Сондай-ақ, полиция жұмысын жетілдіру, тиімділігін арттыру, сервистік модельге көшіру, қоғамға жақын болу және халық сенімін иелену бағытындағы іс-шараларды назарға берілді.
- Жалпы аудан көлеміндегі жедел-ахуал тұрақты, 2019 жыл қорытындысымен тіркелген қылмыстылық деңгей 1,7%-ға азайды. Сондай-ақ, ауырлығы орта және аз дәрежелі қылмыстар, ауыр дене жарақатын салу, тонау қылмыстарының саны төмендеді. Есепті мерзім ішінде 3 адам өлтіру фактісіне жол берілген. Қылмыс жеке меншік үйлердің ауласында және түнгі мезгілде орын алғанымен уақытында жүргізілген жедел-іздестіру шаралар нәтижесімен толықтай ашылып, күдіктілері ұсталды. Қазіргі уақытта 2 іс сотқа жолданды, 1-і тергелуде. Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған мәселенің бірі – ұрлық. Аудан бойынша 2019 жылы жалпы тіркелген құқықбұзушылықтардың басым бөлігін немесе 42,0%-ын құрап отыр. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде бұл санаттағы қылмыстар саны 16,9 пайызға төмендеді. Мал ұрлығының алдын-алуда жергілікті тұрғындар арасынан бақташы тағайындау, сауда орындарына, ұрлық жасауға ықтимал басқа да обьектілерге бейнекамера жүйелерін орнату жөнінде 19 селолық округтердің әкімшіліктеріне ұсыныстар берілді, - деді полиция басшысы.
Жиында жеке кәсіпкер М.Ғабдушев өткен жылы үйіне түскен ұрылардың табылмай отырғанын, анықтау-тергеу ісіне көңілі толмайтындығын айтса, «Каспий таңы» ӨК төрағасы Б.Теміров 4-5 жыл бұрын қолды болған «Ямаха-40» қайық моторын іздестіру ісінің сиырқұйымшақтанып кеткеніне қапалы екенін жеткізді. Екі мәселеге орай да полиция басшысы жеке қабылдауға келулерін сұрады. Прокуратура ардагері Ғ.Мүрсәлиев ішкі тәртіпке көбірек көңіл бөлуді назарға берді.
А.НӘЖІМОВ