Полицейлер халыққа көмекші болуы керек
- Информация о материале
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- : 1121
Елбасы өзінің жаңа Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруды құптады.
Мына бір тұсы өз ойыммен үндескендей болды. Жансейт Түймебаевқа қаратып: - Жаңа облыста жаңа тәртіп болатын болсын! – деді. – Полиция жұмысын сервистік модельге ауыстырған жөн. ІІМ қызметін бағалаудың басты критерийлері – қоғамның сенімі және тұрғындардың қауіпсіздікті сезіну деңгейі болуы шарт – дей келе, құқық қорғаушыларды аттестациядан өткізуді тапсырды. Оларды дайындайтын білім беру жүйесін қайта құруды міндет етіп қойды. Полицейлердің жалақысын көтеруді де назардан тыс қалдырмады. Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша жол картасы әзірленетіндігіне тоқталды. Реформа 2019 жылдың басынан басталып кететіндігін білдік. Менің пайымдауымша, бұл да бүгінгі тірлігіміздің әлсіз тұсы. Жол бойына автокөлікпен шыға қалсаң, полицейлер тоқтатып жататыны дағдылы ғадетке айналды. Сәл-пәл кемшілік үшін жүргізушілерді өз авткөлігіне апарып, айыппұл қағазын толтыра бастайды. Олар жүргізушіден де, жүргіншіден де өздерін биік санап, сазарған, үстем көрініс танытады. Түстері суық. Адамы аман, қағылу-соғылудан ада болса, «келесіде өтпеңіз» деп жылырақ сөйлесіп жібере салатын жайттардың аяғын қалайда үлкен әңгімеге ұластырып, дікеңдеп не зіркілдеп жатады.
Қазір біздің қоғамда ізгілендіруге көбірек көңіл бөлініп отырғаны анық ғой. Билер алқасы, түрлі қоғамдық кеңестер құрылып, көп шаруаларды сотқа жеткізбей өздері-ақ реттеп жатқанда, жол полициясы сияқты құрылымның да халыққа етене жақын, заңмен бірге ынтымақ-ымыраны да жат көрмейтіндей болуы дұрыс деймін өзімше. Солардан көзінің сорасын ағызып тартып алғандай етіп алған ақшасы қай тесігімізге жамау болады?
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» аталатын биылғы Жолдауы да атына заты сай демекпін. Аудандық мәдениет үйіне оны бірлесіп көру үшін жиналған жұртшылықтың арасында өзім де болып ел, халық үшін көптеген жасампаз жақсылықтар орындалатынын Елбасының өз аузынан өз құлағыммен естіп бір марқайдым. Қолдаймын, қуаттаймын. Оны бірлесіп жүзеге асыруға аудан тұрғындарын шақырамын.
Елемес Өтегенов,
Құрманғазы аудандық статистика басқармасының жетекші маманы