Подполковник Ғарифолла Оралбектің кітабы жарыққа шықты

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрметті ардагері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, отставкідегі подполковник Ғарифолла Оралбектің 2022 жылы Алматы қаласының «Сардар» баспасынан жарық көрген «Кешені білсін ертеңгі» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кеш кейіпкері қошеметпен ортаға шақырылғаннан кейін оның өмірі мен қызметі, елге сіңірген еңбегі жайлы бейнетүсірілім тамашаланды. Аудандық орталық кітапхананың оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова 224 беттен тұратын кітаптың үш тарауына кеңірек тоқталып, жиналған оқырмандарға таныстырды. Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев кітап авторын 1988 жылдан бері жақсы танитынын айтып, өзіндік көзқарасы бар, пікірін күлбілтелемей ашық айтатын азаматтық болмысына тоқталды. Сонымен қатар, «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты кітапқа пікір жазғанда жазушылыққа бейім екендігін байқағандығын жеткізіп, осы бағытта тұщымды жұмыс жасап, үлкен туындылар шығарыңыз деген ізгі тілегін арнады. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелұлы ұзақ жылдар бойы аудандық газеттің редакциясын басқарған уақытында Ғ.Оралбектің мақалаларын өңдеп жарытпайтынын, түзелген, күзелген, корректурадан өткен қалпында келетінін, республикалық журналдарға ондаған құнды материалдары жарияланғанын, бәрі де қазақ жауынгерлері үшін оқулық іспетті екенін айтты.

Сол шығармаларын тастамай кітап етіп шығарып алуға ұсыныс жасағанын қаперге берді. Осындай ізгі тілектер Бегалиев орта мектебінің мұғалімі Әсима Қайырғалиева, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, Б.Бегалиев орта мектебінің директоры Сандуғаш Қапуова тарапынан да айтылып, Құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ауданымыздың өнерпаздары Толыбай Қажыгереев, Ерасыл Самиғоллаев әндер тарту етті. Жаңа кітаптың лентасын Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Өмірзақ Қажымғалиев пен Қадырбай Жармұхамбетов қиды.

Кеш соңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрметті ардагері Ғарифолла Оралбек шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, аудандық орталықтандырылған кітапхана мен бір топ қатысушыларға жаңа кітабын сыйлады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT