17 наурыз – Шаңырақ күні. Бүгін Наурызды тойлау мейрамы онкүндігінің төртінші күні.
Шаңырақ күні сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналады.
Ауданымызда «Шаңырақ» күніне орай аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен перзентхана бөлімшесінде дүниеге келген нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтары тарту етілді. Перзентханаға комиссия және кеңес мүшелері жиналып, ондағы дәрігерлер, мейірбикелер, жас босанған аналармен кездесті. Кеңес төрайымы Балғаным Хасенқызы бүгінгі күннің маңыздылығы жөнінде айтып, осы шараға демеушілік танытқан ауданымыздың кәсіпкері Самат Айдаралиевке алғысын білдірді. Сәбилерін құшақтаған аналарға естелік сыйлықтар мен ұлттық тәттілер ұсынылды. Базарлықтан дәм татып, мәре-мәре күй кешкен аналар мерекеге орай арнайы ат басын бұрған комиссия және кеңес мүшелеріне зор ризашылықтарын жеткізді.
А.Шакупова