Ата жолынан дарыған тектілікті осы қағидамен жалғап келе жатқан әріптесіміз - Қашуова Анар Серікқабылқызы.
Ол ұстаздар отбасында дүниеге келді. Атасы Дауғалиев Қашу – Ұлы Отан соғысының ардагері, әжесі Ерекенова Рысты тыл ардагері болса, әкесі Дауғалиев Серікқабыл – тарих пәні мұғалімі, ал анасы Сабирова Сафура – математика пәнінің мұғалімі, кейіннен оқу тәрбие ісінің орынбасары қызметінде зейнетке шыққан жандар. Отбасында үш ұл, үш қыз өсіп өнді. Олардың бәрі де күні бүгін осы жолды әрі қарай жалғады. Анар Серікқабылқызының мамандық таңдауына да осы өз отбасында көргені әсер етсе керек. Бала кезінен бір столдың екі басында қатар отырып сабаққа дайындалатын әке мен шешенің тағылымды жолы кейінгі ұрпақтарына үлгі болғаны қандай ғанибет! Отбасындағы қалыптасқан дәстүр бойынша үлкен дастарқан басында қақ төрден Қашу ата орын алатын, ал жанынан үш қызға орын берілетін, Ата мен әженің шексіз мейірімі мен ата- ананың ерекше ілтипатын сезініп өскен Анар болашағын дұрыс бағамдап, мұғалім деген мәртебелі мамандық иесі атанып жүргеніне куәміз.
«Баланың рухани өміріне тереңдей алмаған адам нағыз тәрбиелеуші бола алмайды» деген қанатты сөзді ұстанған ұстаз әрбір оқушыны қайталанбас тұлға ретінде бағалап, мөлдіреген жанына жылулық сыйлап, басқаға ұқсамайтын даралықты тануға ұмтылады. Қасиетті шаңыраққа қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде қадам басқан сәттен бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары атанған лауазымды қызметінде де өз мамандығына адалдық танытып, сан буын ұрпақты жаңа заманның сәулетшісі ретінде тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Анар Серікқабылқызының осы уақыт аралығында қалдырған өзіндік қолтаңбасы, сара жолы сайрап жатыр. Ол өз пәнінің майталман шебері, заманауи мектеп басшысы, шебер ұйымдастырушы, тілінен бал тамған шешен, жастарға жол сілтер көшбасшы, мықты сценарист, үздік оқырман, белсенді қоғам мүшесі. Сонымен қатар үлкен әулетті сүттей ұйытып отырған асыл ана, ардақты әже, сыйлы келін, сүйікті жар.
Ата-анасынан кейін пір түтар тұлғасы – ұлы Абай,оның «толық адам» ілімін ұстана отырып, кемеліне келіп толығу арқылы қоғамға пайда әкелер тұлға болып қалыптасуды өзіне Темірқазық санайды. Анар қолы сәл босай қалса кітап оқуды сүйікті хоббиіне айналдырған жан. Өйткені ол бала жасынан рухани білім көкжиегін кеңейтетін құнды қазынаға қанып өсті. «Менің атым Қожадан» басталған небір ғажайып әлем алдынан айқара ашылып күні бүгінгі қазақ классикалық әдебиеті мен әлем мұраларына даңғыл жол салды. «Бала кезімде кітапты таң атқанша оқып көз майымды тауысатынмын, тіпті сыртын қаптап алып мектепке апарып оқитынмын» деп еске алады ол. Осыншама кітапқұмарлыққа себепші болған атасының, әкесінің ықпалы екенін, үйдегі асыл сандықтай қастерленетін кітапқа лық толы бұрыштағы шкаф болғандығын айтады. Кітаптан дарыған жақсы өнеге ұстаздық қызметінде ақылшы досындай қымбат дүниесі. Ол кейде бізге өзі жиі тамсанып отыратын Зере мен Ұлжандай, Ұлпан мен Ұмайдай, Айғаным мен Бопайдай боп көрінеді. Көп адамның тісі бата бермейтін небір тарихи тұлғалардың жан сырын сол кейіпкер құсап ақтарғанда тоқсан жұмыстың ауыртпалығын арқалап жүрген әріптесіміздің қалайша уақыт тауып кітап оқитынына тәнті боламыз. Мол рухани дүниеге тек өзі ғана ие боп қана қоймай, білгенін, көргенін өмірінде қолданып, шәкірттеріне шебер жеткізіп отырады. Шәкірттері мол байлыққа сусындап, ғажап бір күй кешеді. Сонау алыста қалған балалық шақты еске алғанда оның әдемі көздеріне ыстық жас үйіріліп ,сағыныш сазы жүрегін кернеп кетеді...
«Кешкі мал келетін уақыт. Өрістен қайтқан отар. Құдық маңы. Бала біткен астауларды (науаларды) ернеуінен асыра қауғамен су тартып толтыратынбыз. Аталарымыз Құбыш терегінің көлеңкесінде алтықағаздың қызығына берілетін. Жердің көк шаңын шығарып бала біткен тоғызқалайды думандатамыз. Бір кезде мойындарындарғы жез қоңыраулары қоңыр үнге ұласып отардың алды көрінеді. Шаңы көкке көтеріліп, май топырағы шаңытып у-шу, азан –қазан қойлы ауылдың тірлігі... Ауылы аралас, қойы қоралас отырған ауыл-аймақтың «бөтен қой» іздеген базынасы, қойы бөтен аулада түнеп шыққан сүттей ұйыған тату тірлік.
Іле –шала кешкі асты сәкіге әзірлеп, баршасының бабын тапқан анашым. Қас қарая бауырларыммен бірге жұлдызға таласқан жұлдызды аспан астындағы мақпал түн.»
Алыста қалған сол бір қимас шақты еске түсіргенде елжіреген көңілінде туған жерге деген шексіз махаббат тұрғанын аңғару қиын емес . Міне, тектілік деген осы болса керек...
Жалпы адам баласы не істесе де сүйіспеншілікпен, ерекше бір ықыласпен қолға алса ,оның нәтижесі де, жемісі де солай болары хақ. Жас та болса бас болған Анар Серікқабылқызының бағындырған белестері тарау – тарау. Оның есімі облыс, республика көлеміне танымал,өйткені өз пәні бойынша да, тәрбие саласы бойынша да заман талабына сай түрлі тақырыптық семинарлар мен форумдарда, конференциялар мен тренингтерде, әдістемелік сайыстар мен педоқуларда тәжірибесі таралып, кәсіби құзіреттілігін дәлелдеуде. 2006-2012 жылдары Республикалық «Нұртамшы» балалар ұйымы құрылған шақта республика көлемінде түрлі тәрбиелік –қоғамдық шаралардың жаңашыл көшбасшысы ретінде танылып ,құрметке бөленді. Көрікті Көкшенің бауырында «Балдәурен» лагерінде сол кездері республиканың әр өңірінен құрылған 250 балалар қауымдастығының алдында республикалық слетке қатысып, өз тәжірибелерін таратты. Сол тұста ұйым құрамында тәрбиеленген бір топ шәкірттері жұлдызы жанған тұлғалар болып, өз бастауларын Анар Серікқабылқызының бұлақ көзінен ашқан-ды. Күні бүгін нұрдың тамшысынан жаралған жеке –жеке бірлестік ретінде балалардың қоғамдық ұйымы қызметін жалғастыруда. Мектебіміздегі «Темірқазық» ұйымы соның айғағы.
Анар «езуінен енші беретін» жандардың қатарынан, Әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған жан жомарттығы, кісіге болсын ойлайтын ақ пейілі, қолының ашықтығы, шаруаға ептілігі, салт –дәстүрге жетіктігі, бел байлаған іске тәуекелшілдігі –біз үлгі тұтар қасиеттер.
Осындай әріптесіміз үшін біз де марқаямыз. Перизат болмысың жаның мен сәніңе астасып, арқырап аққан бұлақтай ақжелең ғұмыр кеше бер дейміз.
Мирасова Маржан Максимқызы,
Абай атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі