Білім сапасын анықтауда қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәні бар жалпы мемлекеттік шара- ұлттық бірыңғай тестілеу. Тәуелсіз еліміздің түлектерінің білім деңгейін таразылайтын бұл сынақтың тәжірибеге енгеніне биыл 17 жыл болып отыр. Тестілеу мерзімі жақындаған сайын оқушылар мен ата-аналардың алаңдай бастайтыны ақиқат. Биылғы сынақ несімен ерекшеленеді, шектік балл қандай болмақ, сынақтан құлаған оқушыға екінші рет мүмкіндік беріле ме? Міне, осы сұрақтар аясында Ұлттық тестілеу орталығының ауданымыздағы филиал басшысы Жанаргүл Тюмалиевамен тілдескенді жөн көрдік.
- Биыл оқушылар ҰБТ-дан жоғары оқу орындарына түсу үшін қанша балл жинау қажет? Мемлекеттік грант туралы да айтып өтсеңіз?
-Жоғары оқу орындарына түсушi талапкерлерді қабылдау ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негiзде олардың өтiнiштерi бойынша жүзеге асырылады. Білім беру грантын алу конкурсында Қазақстан тарихы, Оқу сауаттылығы, Математикалық сауаттылық, және 2-і бейінді таңдау пәндері бойынша балдар ескеріледі. Конкурсқа қатысу үшін кемінде – 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде – 65 балл, аталмыш жоғары оқу орындарындағы «Білім», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына кемінде – 60 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде – 65 балл жинау қажет. Педагогика мамандықтарына түсушілерге талап күшейді. Осы мамандыққа тапсыратындардың шекті балы 60-тан 70-ке дейін қөбейді. 2020 жылдың 20 маусымы мен 4 шілдесі аралығында шығармашылық емтихан тапсыратын мамандықтарға жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өтініш қабылдайды. Шығармашылық емтихандардың өткізілу мерзімі 8-13 шілде аралығы. Білім грантын тағайындау конкурсына өтініш қабылдау 23-31 шілде аралығында, ал білім грантын тағайындау конкурсы 1-10 тамыз аралығында өтеді. Мамандарды даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізілуіне байланысты гранттар білім беру бағдарламаларының топтарына бөлініп таратылады. Мысалы, «Ақпараттық технологиялар» деген топ бар, оның құрамында «Информатика», «Ақпараттық жүйелер», «Блокчейн», «Биг дата» және тағы басқа ақпараттық бағдарламалар бар. Яғни, білім гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандық бойынша емес, білім бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылмақ.
- Сұхбатыңызға рахмет, әрбір мектеп түлегінің алдағы тестілеуді өз білімімен тапсырып, сыннан сүрінбей өтулеріне, тәуелсіз елімізді көркейтетін азаматтар болуларына шын жүректен тілектеспін.
Сұхбаттасқан А.Шакупова