Патша ағзамға тілегін өткізген тектіміз

(0 Votes)

Ғасырлардан-ғасырларға құмын көшіріп, мұңын өсірген қайран біздің ұлы дала төсінен кімдер ғана туылмаған?!

Тарих зынданына бір түсіп көрсең небір ғажайыптарға, ашылмаған аралдарға кезігесің. Кезігесің де санаңда сапырылысқан сан ойлардың ұшын ұстай алмай бәдіктей тентірейсің. Өзгенің бәрінен баз кештіріп өзімен арпалыстырып қоятын асылдар мен алыптардың аласапыран замандардағы алабөтен тірлігі ұлтжандылықтың шырқау шегіне иманыңды үйіреді. Еңіреп өткен ерін де, ерінбеген етікшісін де, ындынын байлық тескен бағыланын да, жанын ұлт жолына тулақтай төсеген сұңғыласын да, қара басын күйттеп, қара бақыр табудан әріге аспаған сұмпайысын да тарих табағы мүшелеп алдыңа тартқанда, абдырамай қара, алдырмай көр!

Бәрі тозған, бәрі озған дегенімізбен өз ұлты үшін өзегінен қара су өтпегендердің өмірдеректері кезіксе жал-жаяға қол созғандай өндіршектей ұмтылғаныңды сезбей де қаласың. Санаңа саңылау тауып, рухтары сілкіндірсе, олар жайлы Еділдей толқып, ерінбей терең тебіреніспен ел-жұртыңа сүйіншілеп-ақ жеткізгің келеді. Көңілі түскір тыңдар құлақ бар деп сенеді, солай болғай да...

Барымташысы да, батыры, жасығы да асылы із құрғатпаған Бөкей ордасының жайсаңдары қатарының алдыңғы легінде тұруына толықтай құқылы, ұлы далаға тұмар болып тағылған бір есімді білмей келіппіз. Әлде ұрпағы – біз еріншек, әлде тарих зынданы мұндай жанкештілерді қимағандай тектілік танытты, әлде сырыңды сыбырлап айтқызған жылмақай жүйенің кесірі, не болғанда да тарих сахнасынан, архив қазынасынан жарқ етіп көрінер уақыты келіпті, бұған да шүкіршілік.

Ол Есбол Құрманқожаев, ІІ – Теңіз жағалауы округінің тарихта бірқатарының есімдері, еңбектері айшықталған 13 әйгілі старшындарының бірі. Бұл бабамыз шамамен 1778 жылдары Кіші жүз қарамағындағы Шыңғырлау бойында өмірге келіп, 1809 жылы дүниеден өткен. Бейіті аудан орталығы Құрманғазы ауылдық округінің терістік батысында 60 шақырымдай қашықтықта «Көктатыр» деген жердегі қорымдардың бірінде. Руы Ноғай қазақ, оның Қазанқұлақ бөлімінен.

Старшын Есбол Құрманқожаев өз заманында қарамағындағы халқының тағдырын ойлаған, патша ағзам І-Павелдің жергілікті билеушілеріне ел мүддесімен орайлас тілектерін еппен жеткізген, қазақтың көңілін қарайтар пәрмендерді қыбын тауып жуасытып отырған сұңғыла жан. Патша билеушілерінің жергілікті өкілдері орысша жақсы сауатты, жайсаң да, сырбаз, ер де еліккіш, өзінің ұлы империяға адалдығын сендірте алған бұл старшынмен санасып, сырласып, табақтас-қанаттас өмір сүрген. (Астрахань облысының мұрағат деректері. авт)

Есбол Құрманқожаевтың ұлтжандылығы өмірінің әр тұсынан қараңғыны шаққан жарықтай көрініс береді. Оның барлығын бұл шағын баянымыздың етек-жеңіне сыйғыза алмағандықтан күрделі біріне ғана тоқталмақшымыз. Ол үшін алдымен Астрахань мұрағаттарынан жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлы тапқан, бұрын-соңды ешкімге кезікпеген мына деректерді оқырмандар назарына ұсынамыз.

bekzhan-taatar2

«1801г., февраля 13. – Донесение командующего Кавказской линией К.Ф.Кнорринга императору Павлу І о письме султана Букея с просьбой о принятии с подвластными казахами в российское подданство и перекочевке в междуречье Урала и Волги.

Поводом такого его, полковника Попова, поступка с киргиз-кайсакским народом Малой киргизской орды старшина Исбол Курманкожаев объявил уже свое желание со ста мужеска и женска пола душами быть в вечном подданстве вашего императорского величества и жительствовать при р.Волге или на нагорной оной стороне; о чем дерзнул я всеподданнейше донести вашему императорскому величеству 3-го число сего февраля месяца». (ГААО. Ф. 1. Оп. 3. Т. 2. Д. 145. Л. 6 и об.)

Образование Внутренней орды

«Следствием этого, - «...прибавлял Кнорринг, - было то, что старшина Меньшей орды Исбол Курманкожаев заявил уже о своем желании, со ста душами обоего пола, быть в вечном подданстве русском и проживать при р.Волге или на нагорной ее стороне.» (П.С.З.Т. 22. №16686) * * *

«Высочайше утвержденное положение об отводе земель калмыкам и дургим народам, кочующим в губерниях Астраханской, Кавказской и частью Саратовской.

Принятому по указу 25 февраля 1801 г. в российское подданство Малой киргиз-кайсацкой орды, старшине Исболу Курманкожаеву со 100 душами, из коих перешло к нам и состоит налицо не более 13 кибиток, определить непременое место для зимовки, назначить иное между ватаг Дудатской или Телепневой и Коневской; весною же, летом и осенью может он кочевать вообще с прочими киргизцами, Букею – султану подвластными, либо с кундровскими татарами.» (ПСЗРИ – 1. Т.ХХІХ. 1806-1807. СПб,. 1830. №22135. С. 283-309) * * *

«1812 г., мая 7. – Отношение командира Астраханского казачьего полка П.С.Попова астраханскому гражданскому губернатору, действительному статскому советнику С.С.Андреевскому (1) о системе управления букеевскими казахами.

Блаженной и вечнодостойной памяти государя императора Павла Петровича, повеления как о самом хане, бывшем тогда султаном, так и киргизском старшине Исболе Курманкожаева, выведенном мною в подданство России со ста душами.» (ГААО. Ф. 1. Оп. 3. Т. 2. Д. 145. Л. 1-3 об.)

Ресей билеушілерінің жергілікті өкілдері шеше алмайтын бұл күрделі, саяси да экономикалық маңызы зор мәселені патша ағзам І – Павелдің тікелей алдына өз құзіреті арқылы қоюы Есбол Құрманқожаев бабамыздың сол замандағы биік беделінің қаншалықты салтанат құрғандығын аңғартса керек. Ол ұрпағы өрбіген жүз түтінге нені сұрап отыр? 1800 жылдары тұрғылықты елдестер білетініндей, теңіз суы тепсініп, қазіргі біз тұрған маңдарды түгел шайып, қызыл құмы қиялай шөккен қырлықпен шендесіп жатты ғой. Жазда-жайлауға, қыста-қыстауға қазіргі Көнеуден бастап Нұржау, Ақкөл, Зормата, әрісі Қарағайлы, Тереңқұдық алқаптарын сұрап отыр. Жүз түтінге деуі қандай ақылдылық, империя билеушісін үркітпеудің амалындай көрінеді бізге. Ұлы ағзам Есбол старшынның тілегін қанағаттандырғаннан кейін әлгі жүз түтін сан мыңдаған түтінге айналып, құйқалы өңірден ата-бабамыз өсіп-өркендеп, бүгін біз өмір сүріп отырғанымыз жоқ па? Міне, Есбол Құрманқожаевтың өз ұлты алдындағы еңбегін осы бір бұлтартпас шындық арқылы шамалай беріңіз.

Старшын Е.Құрманқожаевтың тілегін орындаған, яғни І-Павел патшаның оған тұтынуға бөлген жерлерін өлкетанушы-зерттеуші Өмірзақ Қажымғалиұлы былайша шамалайды: «Сол кездегі «Дудатской», «Телепнев», «Коневск» дегенде қазіргі Ганюшкин бекеті, Ақкөл округін қамтып, терістігінде «Қарағайлы», «Тереңқұдық» аймағын түгел алып отыр. «Телепен» балық батағасы қазіргі Нұржау округінде ұзақ жылдар кәсіпшілік құрған «Талап» батағасына келіңкірейді. «Дудатской» деп отырғаны Дәшін мекенінің («Жаңа Талап» округі) терістік бағыты – «Қамал», «Зормата» алқаптары болса керек».

Жүрегі ұлтым, ұрпағым деп соққан Есбол Құрманқожаұлының ғұмыр шеруі қысқарақ қайырылып, жұбайын әмеңгерлік жолмен інісі Жанәліге қосады. Осы екі бабадан өрбігендерді жеңілірек термелесек немерелері: Кәрім, Бадырақ, Байдырахман, Қайбалы, Кенжебай, Мұқыш, Ахметқали аталардан тарағандардың бірқатары бүгінгі күні өзімізбен аралас-құралас өмір сүруде. Үрім-бұтақ бөлек әңгіменің желісі болса да түсініктірек болуы үшін Мұқыш атадан Қажымғали, Батырғали тараса, қос әулеттің керуен көшіндегі бұйда ұстар, қазақтың зиялы азаматы, көрнекті жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлын айтсақ, ары қарай өздеріңіз ақ шерулетіп кете береріңіз анық. Ал, Кенжебай атамызды айтқанда белгілі меценат, елжанды Кенжебаев Бержан Ахонұлын мысалдасақ, алдыңызды мұнар шалмасы анық.

Қалған аталардың да қаулаған ұрпағы қаумалаған халқының ортасында. Бүгінгі әңгімеміз аталған жерлерді, тұрғылықты қазақтардың меншіктенуіне Бөкейханнан да бұрын қол жеткізген, «қой да аман, қасқыр да тыныш» саясатын аса шеберлікпен жүргізген сұңғыла бабамыз Есбол Құрманқожаұлымен таныстыруға, еңбегін нақтылы дәлелдеуге арналды. Тарихымыздың тың парағы, тұшынып оқыңыз, көзайым жұрты.

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT