Парасатты ана, ұлағатты ұстаз

(0 Votes)

Ұлылардың ұлысы қарапайым ғана ұстаздар ғой. Неге десеңіз,  ел билеген басшы, даңқы жер жарған ғалым, бір өлкені шырқ үйірген әкім, жұлдыздарға ұшқан ғарышкер, қала салған құрылысшы, өлең сөзден өрнек өрген ақын, тіпті қай салада жұмыс жасайтын маман болмасын, білім беріп, қолына қалам ұстатып, әріп танытады. Сондықтан, «Шәкіртім» деп жаны елжіреген жандарды көкті  тіреген таудай көреміз.

«Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған, өнер, білім бәрі де оқуменен табылған» деп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаздың алдынан өтпейінше кім-кімнің де бағы жанып, саналы адам  болып қалыптасуы қиын. Ұстаз ғана бізді білім нәрімен сусындатып, кемелдендіріп, қияға қағатын қанатымызды қатайтады. Жетістігімізге қуанып, мақтан тұтады. Мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын  оқушысының  жүрегіне ізгілік нұрын құяды. Білім ұясынан ұшқанымызға қаншама жыл болса да, тақта алдында қолына бор ұстап, сабақ түсіндіріп тұрған ұстаздың жарқын бейнесі көз алдымыздан кетпейді. Балалық шағымызды сағына еске оралтамыз. Шәкірт тәрбиелеудің артында орасан зор еңбек жатыр. Осындай есімі алтын әріппен жазылатын ұстаздардың бірі – ауданымыздың мақтанышы, саналы ғұмырының 42 жылын  білім саласына арнап, талай шәкірттерін түлетіп, томағасын сыпырған, жас мамандарды баулып, жетістіктерге жетуіне жол ашқан  Балғаным Хасенқызы Хасенова. Биыл 70 жасқа толған абзал жанның, ұстаздардың ұстазының  өнегелі өмір жолы жайлы ой өрнегін  тоқысақ, айтарымыз аз емес. Мұны, бір жағынан, бұл қиын да қызықты осы мамандықпен тағдырларын байланыстырған барша білім саласы қызметкерлеріне  деген ерекше құрметіміз деп білеміз.

Бүгінгі кейіпкеріміз Балғаным Хасенқызы сонау Азғыр өңірінің Азғыр ауылдық кеңесінде 1954 жылы 10 сәуірде өмірге келген. Әкесі Ажыханов Хасен - Ұлы Отан соғысының ардагері. Анасы Ажыханова Мәрия алаша, кілем тоқыған өте шебер жан болған. 1975 жылы ата-анасы бірінен кейін бірі өмірден озды.

Орта мектепті жақсы бітіргеннен кейін кейіпкеріміз Балқұдық ауылындағы балалық шағымен қоштасып, Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын да ойдағыдай аяқтап, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Туған жеріне оралып, алтын бесігінде 1974 жылы алғашқы еңбек жолын бастады. Өзі оқыған білім ұясы Балқұдық орта мектебінде аға пионер вожатый болып жұмысқа қабылданып, кейін мамандығы бойынша математика пәнінен сабақ берді. Бала жанының бағбаны – ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгеруге мықтап ден қойды. Бар жан-тәнімен мамандығына берілгендігінің нәтижесінде бұл еңбегі  босқа кетпеді. Қырық бес минут бойы тақта алдында тұрып сабақ түсіндіріп, түнде телміріп оқушылардың дәптерлерін қарап шаршағанын қызметіне  деген сүйіспеншілігі жеңетін. Жас та болса білімділігімен, біліктілігімен танылып, әріптестері, оқушылар мен ата-аналар арасында сыйлы болды. Асыл тастар арасындағы жақұттай дараланған жас маман басшылардың назарынан тыс қалмады. 1982 жылы жаңадан ашылған Лабай сегіз жылдық мектебіне директор болып тағайындалды. 1987-1998 жылдары аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері, әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, Абай атындағы орта мектеп директорының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Шәкірт тәрбиесінің зергері Балғаным Хасенқызының мол тәжірибесі, білім саласына бергенінен берері көп екені ескеріліп, 1998 жылы Абай атындағы орта мектептің директорлығы қызметіне жоғарылатылып, мұнда да өзін сан қырынан танытты. 2007 жылы аудандағы ең үлкен сала – білім бөлімін басқару сеніп тапсырылды. Бөлімді  үш жыл басқарғанда білім сапасының жоғарылай түсуіне, мектептердің заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуына, мұғалімдерге талапқа сай жұмыс жағдайы жасалуына, ҰБТ аудан көлемінде өз дәрежесінде өтуіне үлкен еңбек сіңірді. Ізденімпаздығы, жұмыскерлігі мен шебер ұйымдастырушылық қабілеті, алдына қойған мақсатына жететін табындылығы әрдайым қандай қиындықты да еңсеруіне септігін тигізетін. Лауазымды қызметте жүрсе де қарапайымдылығымен, адамдармен жақсы қарым-қатынасымен, өзіне және өзгеге талап қоя білетіндігімен ерекшеленетін. Ол кісінің артынан ешкім реніш айтып көрмепті. Білім саласының мәселелерін оңтайлы шешуге күш-жігері мен қарым-қабілетін аямай жұмсайтын. Осы Балғаным Хасенқызы аудандық білім бөлімін басқарған жылдары аудан мектептерінің талай шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық аудандық байқауларда жеңімпаз атанып, туған жеріміздің абыройын асқақтатты. 2010-2013 жылдары жасы ұлғаюына байланысты аудандық әдістемелік кабинеттің меңгерушілігіне ауысты. 2012 жылы зейнеткерлікке шықты. Алайда, жанына жақын қызметі ұрпақ тәрбиесінен қол үзбей, 2014-2016 жылдары  Абай атындағы жалпы орта мектептің әлеуметтік педагогі қызметінде өзінің мол тәжірибесімен, біліктілігімен білім ұясында үлкен абырой-бедел иеленді. Балғаным Хасенқызы әлеуметтік педагог маман ретінде мектепте мүгедек, үйден оқитын, қамқорлықтағы оқушылармен жұмыстарды жүйелі жүргізді. Оқушылардың білім алу кезіндегі түрлі сұраныстарын зерделеп ол бойынша әрбір оқушыны дамыту, тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды ата-ана, мұғалім, сынып жетекшілері, басшылармен біріккен жағдайда ұйымдастырды. Педагогтың осы бағыттағы іс-тәжірибесі «Хабаршы» ғылыми-тәжірибелік журналының сандарында жарияланды. «Қамқоршылар» күнін жаңа үлгіде өткізу тәжірибесі ауданда жоғары деңгейде бағаланды. 2016 жылдың тамыз айынан зейнеткерлік демалыста. 2017 жылдан осы кезге дейін Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің төрайымы.

Балғаным Хасенқызы  2004  жылы  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің – ІІІ, ал, 2006  жылы  Қазақстан Республикасы математика пәні мұғалімдерінің   І съезіне делегат болып сайланды. Республикалық «Мектеп басқару үлгілері» панорамасы (2002), педагогикалық оқу (2003), «Ауылдың үздік мектебі», «Ауыл мектебін нәтижелі басқару» (2005) байқауларына, республикалық «Ауыл мектебін нәтижелі басқару» семинарына қатысты. Басшылық қызметте, одан кейінгі зейнет жасында да қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емес. 1982-2023 жылдары ауылдық кеңестің депутаты, учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, облыстық кәсіподақ пленумының, облыстық білім басқармасының алқа, аудандық әйелдер кеңесінің, аудандық білім беру бөлімі кеңесінің, Атырау облыстық аналар кеңесінің, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және әлеуметтік-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, аудандық қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі ретінде танылды. 2011-2012  жылдары Жезқазған, Атырау қалаларында өткен республикалық «Ресурстық орталықты ұйымдастыру», 2015 жылы Атыраудағы республикалық «Әлеуметтік педагогтың қызметіндегі кәсіби құзыреттілік» семинарларына, 2017-2023 жылдары Шымкент, Талдықорған, Алматы, Атырау, Орал шаһарларында өткен республикалық аналар кеңесінің форумдарына қатысып, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Аналар кеңесінің қанатқақты жобалары аясында өзінің тың идеяларымен аудан көлемінде белсенді аналармен бірігіп, түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда. Оның осы жаңашыл бастамаларын облыс өзге аудандарға үлгі етуден жалықпайды.   

Әрине, адал еңбек елеусіз қалмасы анық. Құрманғазылықтар өздері қадір тұтатын ұстаз – Балғаным Хасенқызының білім саласындағы ұзақ жылғы қызметін жоғары бағалап 2020 жылы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағына ұсынды. 2007 жылы өзінің «Мектеп басқарудағы жобалық зерттеу» әдістемелік құралының авторлық куәлігін алса, ғылыми кеңестің  2010 жылғы шешімімен Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институттың академиялық доценті атанды. Ұрпақ, жас аналарды тәрбиелеудегі ұлағатты өнегесі еленіп, 2023 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы «Ел анасы» атағын берді. Сонымен қатар, кейіпкеріміз «Құрмет» орденімен, Қазақстан Халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын, осы ұйымның 25 жылдық мерекелік медалімен, Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі», «Алтынсарин» төсбелгілерімен, Елбасының Алғыс хатымен, «Астана 10 жыл» мерекелік медалімен, Білім және ғылым министрлігінің  Құрмет грамотасымен  марапатталған.

«Жақсының жаттығы жоқ» демей ме, Балғаным Хасенқызының елімізге, соның ішінде, білім беру мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегін тарқатып айтсақ, бірнеше мақалаға жүк болары анық. Біз тек сүттің бетіндегі қаймағын қалқығандай болып отырмыз. Соның өзінен-ақ кейіпкеріміздің қандай тұлға екені айдай айқындалып тұр. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы ретіндегі рөлі, мұнда атқарған қызметі, оның қалыптасып, аяғынан қаз тұруына қосқан үлесінің өзі бір төбе. Абзал ұстаз, асыл жар, аяулы ана, ақылшы әже, дана апа, ел анасы  ретінде қадір тұтамыз. Жолдасы, шаңырақтың тірегі, білім саласының ардагері Шәріп Ниетәлиев 2016 жылы өмірден озды. Көзі тірісінде Шәріп ағай Балғаным апайдың алаңсыз қоғамдық жұмыстарға араласуына үнемі қолдау білдірді. Бүгінде ол артында қалған ұрпақтарының қызығына бөленуде. Жетпіс деген жаңа белесіңіз құтты болсын, өміріңізге шуақ толсын! Әрдайым халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленіп, ұрпағыңыздың қызығын молынан көріп, аман-есен жүріңіз демекпіз!

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT