Жастар ресурстық орталығының басшысы, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Ернар Боранғалиевпен әңгімемізде қазіргі жағдайда жастармен қандай жұмыстар жасалып отырғанын сұрадық.
– Жыл сайын белгіленген бағыттар бойынша жұмыс жоспарымыз жасалады. Қазір әлем бойынша індет таралып, тығырықта отырғаннан, елімізге де оның салдары тигеннен кейін, көп шараларымыз онлайн түрде өтуде. Сол себепті біразы көрінбей қалуда. Тұрғындар «Жастар ресурстық орталығы» неге үнсіз қалды? Жұмыс жүріп жатқан жоқ», деп ойлауы мүмкін. Біздер әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда күнде жариялап отырамыз. Онлайн режімде болғаннан кейін фотоесеп, бейнеролик ретінде жарияласақ та оны біреу көрсе, біреу көре бермейді. Карантин кезінде де үлкен жұмыстар жасадық. Оның бірі де бірегейі ретінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсету мақсатымен Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Құрманғазы еріктілер корпусын» айтуға болады. Одан бөлек жастар бізге келіп студенттерден құрған «Ниет» және «Ақжүрек», «Орлы жастары» еріктілер топтары бар. Сонымен қатар үлкен ағаларымыз да енген «Құрманғазы қайырымдылық қоры» немесе «Харекет», деп аталатын топ барын да айта кеткен жөн. Басқа да барлық еріктілер топтары біздің ресурстық орталық арқылы жұмыс жасап отыр. Жастарымыз індет кезінде жағдайы төмен отбасыларына азық-түлік, киім-кешек алып беру, жалғызбасты аналардың үйлеріне барып көмектесу сияқты жұмыстарды атқарды. Ең үлкені, дәрігерлер мен науқастардың алғысын алғаны, ол – 10-15 жігіттен жастарды біріктіріп, кезекке бөліп індетке шалдыққандар жатқан аудандық провизорға ерікті түрде көмек көрсету. Басында күн сайын барып жүрдік. Жағдай бір қалыпқа түскеннен кейін аудандық провизордың басшысымен тікелей байланыста болып, оттегі баллондары келген, науқастардың жағдайы нашарлаған, көп түскен уақытта, кешкі 19-дан кейін тамақ әкелінгенде кезекті топпен барып, бір айға жақын қызмет еттік. Бұл жерде айтайын дегенім, жастарды алып барған алғашқы күні бұл қиын болады деп ойлаған жоқпыз. Іштегі медқызметкерлер қалай киінсе, біз де солай жүрдік. Екі-үш қабат бетперде мен киім киіп, аяқ киімді ауыстырып, жоғары 3-4 адам шығып, төменде 3-4 жігіт қалып, бір-бірімізді алмастырдық. Оттегі баллондарын төменнен жоғарыға, одан бермен тасымалдадық. Сөздің шыны керек, бұл жерде маңдайдан ғана тер шығуымен шектелмей, бүкіл денеміз түгелдей шылқыды. Жоғары шығып, ауырып жатқан адамдарды көргенде қанша қаталмын дегенмен де жүрегің жібіп, жаның ашиды. Жігіттер жақсы ауызбіршілік көрсетті. Ерікті жастардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, намазхандар, жан-жақтағы округтердің жігіттері де болды. Жалпы менің осы қызметке келгендегі ең негізгі мақсатым бұрыннан келе жатқан жаман әдет, ауыл-ауылдың жастарының топ болып төбелесуін тиып, бәрін бір ортақ іске, елге қызмет етуге жұмылдыру еді. Өз басым бөлініп алып шекіскенде қатты жақтырмайтынмын. Сол себепті қандай шара болса да жан-жақтағы ауылдың жастарын тартуды жолға қойдым. Ақкөл, РТС, Самаркин және басқа да елді мекеннің жастарын біріктірген еріктілер топтары соның бір көрінісі ғана. Басымыз қосылып үлкен жұмыс атқардық.
Алдағы жоспарымды айта кетсем, карантин аяқталғаннан кейін ең басты мақсатым әрбір ауылдық округті ұжымымызбен, өнер адамдарымен аралап, жастармен кездесу. Ол жаққа бір күн барып келумен шектелмей, әсіресе Азғыр өңірінің жастарымен күндеп, апталап жатып шара өткізу, - дейді Е.Боранғалиев.
Қанат ҒҰМАРОВ