Отбасының сәні – сыйластық

(0 Votes)

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай, аталған бөлім жанындағы Дағдарыс орталығында «Отбасының сәні – сыйластық» атты шара өтті.

Мақсаты – отбасы құндылықтарын ашып түсіндіру, насихаттау, шаңырақта өзара сыйластық пен құрметті қалыптастыру. Шараны бөлім жанындағы отбасын қолдау кабинетінің инспекторы Жазира Болатова жүргізді.

Алғашқы сөз берілген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жігер Жанқанов шараға қатысушыларды мерекемін құттықтап, жастарды тәрбиелейтін үлгілі отбасылары көбейе берсін деген ізгі тілегін жеткізді. Қатысып отырған үлгілі отбасы мүшелері Теміржан Матаев пен Айсұлу Абдулкаримоваға жүргізуші тарапынан сұрақ қойылды. Өз жауабында Теміржан Матаев ағамыз: – 1980 жылы отау құрдық. Содан бері 45 жыл өткен екен. Қазір немерелеріміз бар. Кеңес Одағы кезінде үйлену, отбасын құру оңай емес еді. Ол кезде бүгінгідей халық қызығын көріп отырған игіліктер жоқ. Жұмыстың бәрі қолмен жасалатын. Жаңа түскен келінге сынақ көп. Айсұлу соның бәріне төзді. Таңмен тұрып жеті сиырды сауып, сағат 8-де жұмысына кететін. Мен тұтынушылар кооперативінде жұмыс жасадым. Отбасын құрғаннан кейін оны алып жүру қажет. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі түсініп, ашуын ақылға жеңдіре білсе, бәрі жақсы болады. Ол үшін екеуінің біреуі жай мінезді болуы керек. Аталарымыз: «Алдымен ашу жетеді, сосын ақыл келеді. Ашуды ақылға жеңдірген дұрыс», деп отыратын. Осындай ұлағатты мерекелер көбейе берсін, дана қарттарымыз аман жүрсін – деді.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова: – Жас отбасын құрғандарға айтарым татулық пен бірлікті сақтайтын шаңыраққа айналыңыздар. Ер-азаматын сыйлау қазақтың менталитеті. Басқа ұлттарда бұл кездесе бермейді. Олардың әйелдері: «Тоқтай тұр, мен сөйлеймін», деп шығады. Бірінші өзі сөйлейді. Отбасында әйелдердің билігі жүріп кетеді. Бізде «Отағасы сөйлесін», «Тәуір киімді сол кисін», дейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қонақүйде Астанадан келген әйелмен бірге жаттым, – деп, оның бір адамның қазасына барғанда құрбысы қымбат тон мен бөрік киіп, қасындағы азаматы жұпыны жүргенін көріп ренішін білдіргенін айтқан әңгімесін әсерлі баяндап, сөзін біздің азаматтарымыз отбасын сыйласын, қамқор болсын деген тілекпен түйіндеді.

Қатысып отырған жас отбасы – Ерсайын Ерғанат пен Алина Курманалиева жұбы жүргізуші тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Келесі кезекте аудандық АХАТ бөлімінің маманы Арайгүл Хидуллина аталған жас отбасына неке куәлігін, балалы болған жас әке, Құрманғазы ауылының тұрғыны Мереке Рашитовке қызы Насу Хатиджаның туу туралы куәлігін табыс етті.

Бөлім басшысы Жігер Махмудұлы мен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы Теміржан Матаев отбасына шағын сый-сияпаттарын жасап және жас отбасы мүшелері Ерғанат пен Алинаға шаңырақ берік болсын деп шаңырақ макетін табыстап, сыйлы келін атан деген тілекпен орамал салып, естелік сыйлықтарын ұсынды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT