Аудандық жастар ресурстық орталығында отбасы қатынастарын үйлестіру жобасы негізінде құрылған «Өнегелі отбасы – елдің болашағы» атты ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен «Отбасын сақтау бағытындағы көмек түрлері» тақырыбында семинар болды.
Кіріспе сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова отбасының қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, оны сақтау және нығайту бағытында рухани сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті. Ресурстық орталықтың төрайымы Ұ.Сапарова шағын мемлекеттің өзара қатынастарын үйлестіру мақсатында жүргізілетін көмек түрлерін жіктеп айтып, орталық мүшелерін бірлескен жұмысты жандандыруға шақырды.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Е.Боранғалиев өз сөзінде жалпы әлем елдеріндегі өзекті мәселе - ажырасу деңгейінің төмендемей тұрғанына қынжылысын білдіріп, оған себеп болатын негізгі жайттарға кеңінен шолу жасады. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Жұмабаева қолайсыз отбасының мүшелері әркез бақылауда ұсталатынын, оларды түзу жолға түсіру үшін қолға алынған бірқатар істерді тізбектеді. Аудандық емхананың психолог маманы А.Қадірбаева 2018 жылы маусым айында емханада «Жастар денсаулық орталығы» құрылғанын жеткізді. Ол жерде жоспарлы түрде психологиялық, әлеуметтік, эмоционалдық тұрғыда түсінік жұмыстары жүргізіледі. Абай атындағы ЖОМ-ның психологы Г.Үмбетова әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдаудың қажеттілігін нақты мысалдармен дәлелдеді. Теңіз, Жаңаталап ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымдары Г.Насипова, Г.Хайрленова, Ақкөл ауылдық округінің медиаторы Ж.Сидеғалиева тақырып аясында пікірлерін білдірді. Семинарды тамашалаған бір топ жастар алған жақсы әсерлерімен бөлісті.
Еркеназ Қалижан