Аудандық соттың жанынан аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимаратында отбасылық кеңес беру кабинеті ашылды.
Аудандық соттың судьясы Б.Менситова оның мақсаты – медиаторлардың көмегімен отбасылық мәселелерді шешу жолын қарастыру арқылы жанұя бақытын сақтауға өз септігін тигізу болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ кабинеттен өңірдің кез келген тұрғыны отбасылық даулардың түйінін шешу, оның алдын алу мақсатында мамандардың консультациялық қызметіне жүгіне алатынын жеткізді. Аудандық сот ғимаратында да тараптарды татуластыру бағытында түрлі кабинеттер ашылғанын тілге тиек етіп, олар сотқа дейінгі реттеудің баламалы тәсілдерін кеңірек қолдануға мүмкіндік бергенін алға тартты. Бибігүл Мағазқызы сотқа келіп түскен азаматтық істердің 30 пайызы неке бұзуға қатысты арыздар екенін қаперге беріп, оның санын азайтуға жұмыстану қажеттігін жеткізді.
Одан әрі кабинеттің алдына керілген лентаны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев, аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова қиды. Аудан әкімінің орынбасары Н.Қалиев кабинеттің алдағы жұмысына сәттілік тілесе, шараға қатысушылар О.Құмарғалиев, Б.Хасенова, Орлы ауылдық округінің медиаторы И.Рысқалиев некені сақтау, бала тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды ұлығылау бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, бірлескен жұмыстарды өткізуге өз ұсыныстарымен бөлісті. Б.Менситова кабинетке психолог маманның қажеттігін айтып, аудан әкімінің орынбасарына қолдау білдіруді сұрады.
Шара барысында отбасын құруды мақсат еткен Айдос пен Асылғаным есімді екі жасқа неке қию туралы куәліктері табысталды. Кабинетте жасақталған қолайлы жағдайлар достық қарым-қатынас орнатып, кез-келген дауды бейбіт жолмен шешуге ықпалын тигізетініне сенім мол.
А.Шакупова