Ауданымызда құрылған отбасын қолдау орталығы және «Жансая» көшбасшы аналар клубының ұйымдастыруымен «Отбасым – тірегім, жанұям – жүрегім» атты отбасылық куиз интеллектуалдық ойыны өтті. Алғашқы сөз алған орталық директоры Анарбек Баймұқанов қош келдіңін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Шаңырақ», «Жанұя» командалары қатысқан ойын алты кезеңнен тұрды.
«Бірлік пен береке» аталымында отбасылық салт-дәстүр туралы сұрақтар қойылса, «Бақыт мекені» кезеңінде мақал-мәтелдер мен даналық сөздер сайысы оздырылды. «Таны да, тап» бөлімінде танымал тұлғалар, қазақ кинолары мен көріністерге байланысты тапсырмалар берілді.
Төртінші және бесінші кезеңде қатысушылар суретте көрсетілген бейнелерді дұрыс тауып, тыңдалатын әуен бойынша ән мен күйдің атауларын айтты. Соңғы бөлімде әр топ пазлдар арқылы суретті құрастырды.
Ойларының ұшқырлығымен және зеректіктерімен көзге түскен «Шаңырақ» тобы жеңіске жетсе, «Family» - ІІ, «Жанұя» - ІІІ орынды қанағат тұтты.
Оларға қазылық еткен әділқазылар тобы дипломдары мен орталық атынан естелік сыйлықтарын табыс етті. Облыстық мәслихат депутаты, орталық Зәмзагүл Карсакова Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған шарада белсенділігімен көзге түскен отбасылық жұптарға алғысын білдірді. Қатысушылар тарапынан интеллектуалдық ойынды жыл сайын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтылды.
Айнагүл Шакупова